Жаңалықтар

Өртте баласы қайтыс болған ананың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Полиция
Өртте баласы қайтыс болған ананың үстінен қылмыстық іс қозғалды / Фото: shutterstock

Солтүстік Қазақстан облысы Ольшанка ауылындағы өрт кезінде кішкене қыздың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады өңірдің полиция департаменті.

Өрт 18 қаңтарда болған. Жеке тұрғын үйдегі өртті сөндіру кезінде құтқарушылар кәмелетке толмаған баланың денесін тапқан.

Полиция ақпаратына сүйенсек, қыздың анасына қатысты «балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» яғни Қылмыстық Кодекстің 141-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бапқа сәйкес, ол бес жылға дейін бас бостандығын шектелуі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы мен бөлшегін анықтауға бағытталған тергеу және процестік іс-шаралар кешенін жүргізіп жатырмыз», – делінген хабарламада.

Бұған дейін өрт болған үйде ересектер от жағып, қонаққа кетіп қалғаны хабарланған болатын. Бес жасар қызды үйде жалғыз қалдырып, есікті құлыптап кеткен.