Қаңтардағы ҰБТ-да 56 талапкер смартфон, шпаргалкамен ұсталды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
ҰБТ
ҰБТ-ның бірінші аптасында 94 ереже бұзушылық анықталды / Фото: shutterstock

2026 жылғы 10 қаңтарында басталған ҰБТ-ны бүгінгі күнге дейін 36 мыңнан астам адам өтті. Талапкерлердің 64%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 36%-ы орыс тілінде және 52 адам ағылшын тілінде тапсырды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 60,3 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 57 балды құраған. Ең жоғары нәтиже – 131 балл. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 156 талапкер қатысқан.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады.

Министрлік дерегіне сәйкес, ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында 94 ереже бұзушылық анықталған.

«56 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 38 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ», – делінген ақпаратта.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Айта кетейік, тестілеуге қатысуға 187 мыңға жуық өтініш келіп түскен. қазіргі ҰБТ форматын талдап, министр Саясат Нұрбек ұсынып отырған ETS-пен бірлескен жаңа халықаралық тестінің білім жүйесін қалай өзгертетініне байланысты шолу берген едік.

Сондай-ақ оқыңыз