Қазақстан – Орталық Азияда ең көп ішімдік ішетін ел

Қазақстанның Орталық Азияда ең көп ішімдік тұтынатын ел екені анықталды. Мұны әлемдік статистика көрсетіп отыр.
World Population Review сайтында әлемнің әртүрлі елдеріндегі алкоголь тұтыну деңгейі туралы деректер жарияланды.
Статистикаға сәйкес, Қазақстанда бір адамға шаққанда бір жыл ішінде құрамында таза спирті бар өнімдерді тұтыну көлемі – 5,4 литр, ал Өзбекстанда 2,1 литр болып отыр.
Ал Қырғызстандағы көрсеткіш – 3,9 литр. Ең төмен көрсеткіш Тәжікстанда (0,7 литр) мен Түркіменстанда (0,3 литр) тіркелген
Рейтинг авторларының пікірінше, Орталық Азия елдерінде алкоголь тұтыну деңгейі төмен. Бұл – ислам дінінің ықпалы.
WPR деректері бойынша, әлемде алкогольді ең көп тұтынатын елдер – Шығыс және Орталық Еуропа мемлекеттері. Бірінші орында Румыния (17,1 литр), одан кейін Грузия (15,5 литр) мен Латвия (14,7 литр) тұр. Алғашқы бестікке сондай-ақ Молдова (14,1 литр) мен Чехия (13,7 литр) енген.
Есепте Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Бангладешті секілді кейбір елдерде алкоголь тұтыну дерегі мүлде жоқ. Ең төмен көрсеткіш Мысырда, Пәкістанда, Индонезияда, сондай-ақ Иран, Сирия және Кувейтте тіркеліпті. Бұл елдердің халқы жан басына шаққанда небәрі жылына 0,1 литр ғана ішімдік ішеді екен.
World Population Review — 2013 жылы құрылған, демографиялық деректер мен статистикаға маманданған тәуелсіз ғылыми басылым.
Жалпы, әлемде ішімдіктен бас тарту трендке айналып келе жатқан құбылыс екені белгілі болып отыр.