
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде астыртын әрекет еткендер президент орнын кімге бергісі келгенін біледі. Бұл туралы президент ресейлік журналист әрі тарихшы Леонид Млечинге айтып берген. Президенттің сөздері «Курсив» редакциясының қолында бар «Президент Токаев. Искусство менять мир» кітабында жазылған.
Қаңтар оқиғасы
Мемлекет басшысының айтуынша, Қаңтар оқиғасы – мемлекеттік төңкеріс жасауға бағытталған әрекет. Айыпталушылар арасында ҰҚК бұрынғы төрағасы, бұрынғы қорғаныс министрі және бұрынғы ішкі істер министрінің болуы бұған дәлел бола алады.
«ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы президентті орнынан алып, бұл лауазымды басқа бір адамға беруді қамтамасыз етпек болғанын мойындады. Әңгіме кім туралы екенін де білемін. Бұл іс бойынша тергеу әлі аяқталмады», – деген Тоқаев.
Президент тергеу өте ауыр, күрделі мәселелермен байланысты екенін айтқан.
«Қоғамның осыдан зардап шеккенін, назарымыз осы шақ пен жаңа Қазақстанды құру ісінен ауыр мәселеге ауып кеткенін қаламаймын. Қазақстандықтар шындықты білетін уақыт келеді. Теңдік пен әділет мәселесі қазақтар үшін әрдайым аса маңызды. Бұл ұлттық болмысымызға тән қасиет те шығар», – деген мемлекет басшысы.
Леонид Млечиннің шенеуніктерді сынға алу жөніндегі сұрағына Тоқаев мемлекет пен қазақстандықтар алдындағы борышын өтеп жүргенін айтқан.
«Мәселелердің ауқымын көріп отырмын, оларды қалай шешуге болатынын білемін. Бұл туралы түрлі деңгейдегі басшылармен сөйлесемін. Түсінбесе, түсіндіремін. Олар өз міндетін атқарғысы келмесе, ел мен халық үшін қажет нәрсені саналы түрде жасаудан бас тартса, бұл туралы ашық әрі тіке айтамын. Мемлекеттік аппаратта қызметінен алуға болмайтын адамдар жоқ. Бұған біреу ренжісе, ас үйде отырып тісін қайрай берсін. Шенеунік бар күш-жігерімен жұмыс істеуі керек. Мені толғандыратын нәрсе осы», – деген президент.
Айта кетейік, Леонид Млечин бұған дейін де Қазақстан мен президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы кітап жазған. 2023 жылы « Трагический январь. Президент Токаев и извлечение уроков» кітабын шығарған.
Қаңтар оқиғасы кезінде елде 238 адам қаза тапты. Ішінде күштік құрылымдардың 19 қызметкері бар. Бұған дейін KursivMedia 4 жылда кімдердің істі болғанын жазып шықты.