Испанияда екі жүйрік пойыз соғысып, ондаған адам қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
жүрдек пойыз
фото: shutterstock

Испанияның оңтүстігінде екі жүйрік пойыз соғысты. Жергілікті полицияның мәліметінше, 21 адам қаза тауып, 100 адам жараланды. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Екі пойызда 400 жолаушы болған

Оқиға Кардова провинциясындағы Адамуз қаласына жақын маңда болды. Темір жол желісін басқарушы Adif компаниясының мәліметінше, Малагадан Мадридке қатынайтын Iryo 6189 пойызы рельстен шығып, қарсы келе жатқан пойызды жолдан шығарған. Екіншісі, Renfe компаниясына тиесілі пойыз, Мадридтен Уэльваға бара жатқан.

Пойыздардың бірінде 300, ал екіншісінде шамамен 100 жолаушы болған. Reuters-тің полициядағы дереккөзі апаттан 21 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Жергілікті TVE телеарнасы жараланған 100 адамның 25-інің жағдайы ауыр екенін хабарлады.

Кордоба өрт қауіпсіздігі мекемесінің басшысы Пако Кармона телеарнаға Малагадан шыққан пойыздың вагондары қатты зақымданғаны сонша, темір мен орындықтар майысып кеткен.

«Вагоннан шыға алмай жатқан адамдар бар. Біз нақты қанша адам қаза тапқанын білмейміз. Жолаушыларды тар қуыстардан алып шығып жатыр», – дейді Кармона.

Оның айтуынша, тірі жолаушыларға жету үшін әуелі қаза болғандардың мәйітін алып шығару керек.

Шашылып жатыр

Испания көлік министрі Оскар Пуэнте жағдайды Adif жол операторының Мадридтегі бас кеңсесінен бақылап отырғанын айтты.

«Соққының қатты болғаны сонша, Renfe пойызының алдыңғы екі вагоны рельстен тайып кетті. Қанша адамның қаза болғанын әзірге растай алмаймыз. Ең маңыздысы – зардап шеккендерге көмектесу», – деп жазды министр X әлеуметтік желісіне.

Оқиға орнына Адамуз қаласының мэрі Рафаэль Морено да барды. Сол жерге Алғашқылардың бірі болып жеткен қала басшысы El Pais газетіне апат болған орында адамдардың мәйіті шашылып жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз