Жаңалықтар

Тоқаев: Конституциялық реформаның талқылана бастағанына жарты жыл болып қалды

Астанада жұмыс тобының отырысы өтті/фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаның талқылана бастағанына жарты жыл болғанын, осы уақытта қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсатына қатысты дұрыс түсінік қалыптасқанын айтты.

Сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырысында парламенттік реформа бойынша нақты пікір айтатынын жеткізді.

Астанада президент қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Ресми ақпаратқа сәйкес, жұмыс тобына азаматтардан мемлекеттік құрылымның жалпы мәселелері мен саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге қатысты 1,6 мыңға жуық ұсыныс келіп түскен.

фото: Ақорда

Ақорданың хабарлауынша, президент талқылау нәтижесін, сараптама қорытындыларын, ұсынылған түзетулер жобасын, сондай-ақ конституциялық реформаға қатысты азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеп жатыр.

Президенттің сөзінше, заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет.

«Ұлттық құрылтай отырысында мен еліміздің тағдырына қатысты бұл мәселе бойынша нақты пікірлерімді айтамын. Нақтылай айтқанда, еліміздің сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси тұрпаты қалыптасып жатыр.

Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді», – деді Тоқаев.

фото: Ақорда

Ал жиынға қатысқан депуаттар азаматтардың алдағы саяси реформаға айрықша қызығушылық танытып отырғанын айтқан.