Үкімет мал шаруашылығын дамыту үшін 6%-бен несие бермекші

Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов арнайы жиын өткізіп, мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады.
Мал басын көбейтеді
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39%-ын мал шаруашылығы құрайды. Ірі қара мал саны 7,9 млн, ал ұсақ мал – 20,2 млн.
Енді кешенді жоспар аясында ірі қара малды 12 млн басқа, ұсақ малды 28 млн басқа дейін ұлғайтпақшы. Ет өндірісін 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін, ал экспортын 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін көбейту жоспары бар.
Жеңілдікпен несие беріледі
Асыл тұқымды мал басын сатып алуға 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылады. Қаржыландыру үшін жылына 300 млрд теңге бөлінбекші.
Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін де 6%-бен бірыңғай жеңілдікті несие беру көзделген. Оның қаржыландыру көлемі – 50 млрд теңге.
Мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 5% жеңілдікпен несие беріледі. Қаржыландыруға 50 млрд теңге көзделген.
Сондай-ақ мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын, жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосылады.
Олжас Бектенов президенттің пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі жөніндегі тапсырмаларының орындалуына да назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, астық егетін үш өңір бойынша 330 шаруашылық жоғары бақылауда. Мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда учаскелер азаматтарға одан әрі қайта бөлу үшін мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.
Осыған дейін елдегі шаруа қожалықтар саны күрт азайып жатқанын жазған едік. Екі жыл бұрын олардың саны 270 мың болса, 2025 жылдың басында 260,3 мың қалған.