Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг ісі тағы да кейінге шегерілді

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбековтің хабарлауынша, Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг сынамасының ресми нәтижесі 19 қаңтар күні жариялануы керек еді.
Алайда, федерация президентінің айтуынша, бұл іс қосымша медициналық, сараптамалық және құқықтық бағалауды қажет етеді. Осыған байланысты 23 қаңтарға қайта тыңдау тағайындау туралы шешім қабылданды.
«Айта кетейін, допинг сынамасының оң нәтижесі спортшының ниетін немесе кінәсін дәлелдей алмайды. Комиссия істі халықаралық спорт құқығы мойындаған No significant Fault or Negligence қағидатын ескере отырып қарайды. Барлық рәсімдер аяқталғанға дейін комиссия түпкілікті қорытындылардан бас тартады. Барлық шешімдер әділеттілік қағидаттары мен халықаралық стандарттарды сақтай отырып, тек фактілер негізінде қабылданады», – деп жазды Ерденбеков.
Зерттеу жұмыстары Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) талаптарына толық сәйкес жүргізілген.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық боксшының допинг қолдануы мүмкін деген ақпарат тараған. Осыған байланысты жанкүйерлер мен спорт қауымдастығы ресми қорытындыны асыға күтіп отыр.