
Applied Economics Research Centre (AERC) сарапшылары бастапқы тұрғын үй нарығында баға төмендеуі болмайтынын және баға әрі қарай өсе беретінін мәлімдеді.
«Аймақтар бойынша жаңа тұрғын үй бағаларының өсуі теріс көрсеткіштен 20%-дан жоғары мәнге дейін өзгеріп отырады. Бұл сұраныс пен ұсыныстың жергілікті жағдайларындағы айырмашылықтарды көрсетеді. Дегенмен жалпы көрініс тұрақты өсу трендін көрсетеді. Қысқа мерзімде бағаны төмендетуге негіз жоқ», – деп атап өтті сарапшылар.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа тұрғын үй бағалары біртіндеп өседі, алайда аймақтарда өсім әртүрлі болады.
«Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар мен мемлекеттік шаралар тұрғын үй нарығына сұранысты ынталандыруда және халықтың тұрғын үй қаржыландыруға қол жеткізуін кеңейтуде маңызды рөл атқарады», – деп болжам жасады олар.
Сарапшылар 2025 жылғы желтоқсан айына арналған жаңа тұрғын үй нарығының талдау нәтижелерін де ұсынды. Қазақстанда желтоқсанда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 571 220 теңгені құрады. Ал 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсу 15,7%-ға жетті.
Дегенмен Halyk Finance сарапшыларының бағалауы басқа. Олардың болжамынша, 2026 жылы Қазақстандағы тұрғын үй нарығы өсім аймағында сақталады. Алайда былтырмен салыстырғанда қарқыны бәсеңдейді. 2025 жылы тұрғын үй бағасы қатты қымбаттаған болса, ал биыл заң талаптары мен салық факторы сұранысты біршама тежейді.