Қазақтардың сүйікті көлігі Chevrolet Cobalt 2025 жылы бестселлер атанды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанның автонарығы 2025 жылды тарихи рекордпен аяқтады. Елімізде жеңіл темір тұлпар сатылымы 14,4%-ға өсіп, 234,8 мың бірлікке жетті. Бұл тарихи рекордтық көрсеткіш. Қазақстан автокөлік одағының (ҚАО) мәліметінше, көшбасында әдеттегідей Chevrolet Cobalt шықты. Бұл модель елде ең көп сатылып, кореялық кроссоверлерді артта қалдырды.

Қандай маркалар рекорд орнатты?

Фото: ҚАО

Екі жаңа автозауыттың іске қосылуының арқасында елде құрастырылған көліктердің үлесі айтарлықтай артқан. Мәселен желтоқсан айында сатылған әр 10 автокөліктің 8-і Қазақстанда өндірілген.

Жыл қорытындысында ең танымал ТОП-10 модельдің барлығы Қазақстанда шығарылған. Жеке есепте көшбасында халықтық седан атанған Chevrolet Cobalt тұр, 31,8 мың бірлігі сатылған. Бұл модель өзіне ең жақын бәсекелестері – Hyundai Tucson (20,7 мың дана) мен Kia Sportage-ді (шамамен 11 мың дана) шаң қаптырып кетті.
Chevrolet Cobalt-қа жоғары сұраныс қолжетімді баға мен ұсынылатын тиімді қаржылық құралдарға байланысты.

Брендтер бәсекесі

Фото: ҚАО

Марка бойынша есепте көшбасшылықты Hyundai сақтап отыр, алайда Chevrolet жыл бойы 25,7% өсім көрсетіп, өкшелеп келеді.

Үздік бестік:

  • Hyundai 50 868 көлік
  • Chevrolet 38 880 көлік
  • Kia 23 402 көлік
  • Chery 14 570 көлік

Жаңа брендтер: BYD-тен Howo-ға дейін

Қытайлық брендтер Қазақстан нарығындағы үлесін 39% деңгейінде сақтап отыр. Соңғы уақытта BYD бренді нарықта позициясын нығайта бастады. Жыл ішінде 3,2 мың автокөлік сатылды. Ал коммерциялық техника сегментінде Howo бренді шынайы сенсация жасады, оның сатылымы 1 637,5% өсті.

Қазіргі таңда нарықта 75-тен астам автокөлік бренді ұсынылғанына қарамастан, сатылымдардың 80%-дан астамы әлі де ірі он компанияның үлесінде қалып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Курсив Авто Chevrolet Cobalt-тың Өзбекстанға арналған Midnight топтамасы мен Қазақстандағы Elegant нұсқасының айырмашылықтарын талдаған болатын.

Сондай-ақ Өзбекстандық автокөлік өндірушісі UsAuto Motors танымал седанның екі жаңа нұсқасы  Chevrolet Cobalt Style MCM және Cobalt Midnight MCM-ды таныстырды .

Сондай-ақ оқыңыз