Жаңалықтар

Құрылтайда шетелдіктердің жол айыппұлын кеденде өндіру мәселесі көтерілді

Фото: shutterstock

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Тәттігүл Талаева Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін шетелдік жүргізушілерден айыппұлдарды кеден бекеттерінде өндіріп алуды ұсынды. Бұл туралы Құрылтайдың секция отырысынан «Курсив» тілшісі хабарлады.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысы арқылы жыл сайын Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан мыңдаған көлік өтеді. Көбіне бұл – жолдарды тез тоздыратын әрі жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырайтын жүк көліктері.

Өткен жылдың 11 айында өңірде жол-көлік оқиғаларының саны 23,9%-ға артқан, ал осы апаттарда зардап шеккендер саны 19,7%-ға көбейген. Жол апатына кінәлі азаматтарға айыппұл салынғанымен, олардың шамамен жартысы ғана бюджетке түскен. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер транзиттік жүргізуші жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлды екі ай ішінде төлемесе, ол күшін жояды.

Тәттігүл Талаева транзиттік жүргізушілердің айыппұлдан жалтармауы үшін кеден бекеттеріне төлем терминалдарын орнатып, шетелдік жүргізушілердің айыппұлдарын тексеруді ұсынды.

Еске салайық ертең, 20 қаңтарда Қызылордада ұлттық құрылтай өтеді. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады.