TikTok, Threads, Facebook, Instagram-ды қанша қазақстандық қолданады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әлеуметтік желілерді қолдану деңгейі бойынша көш бастап тұр. Соңғы деректерге сәйкес, халықтың 80%-дан астамы кемінде бір әлеуметтік платформаны белсенді пайдаланады. Бұл көрсеткіш өңірлік орташа деңгейден айтарлықтай жоғары. Сондай-ақ Қазақстанда интернетке қолжетімділік деңгейі жоғары болып отыр. Мобильді интернет жылдамдығы жағынан да Орталық Азиядағы ең үздік көрсеткішке жетті. Бұл туралы ranking.kz хабарлады.

DataReportal-дың «Digital 2026» есебіне сәйкес, әлемде интернетке қол жеткізе алатын халықтың үлесі бір жыл ішінде 73,2%-ға дейін өсті. Салыстыру үшін айтсақ, бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 58,5%, ал он жыл бұрын 39,8% болған.

Өңірлік бөліністе интернетке қолжетімділігі ең жоғары аймақ Солтүстік Еуропа екені белгілі болды, мұнда халықтың 97,7%-ы интернетке қосылған. Одан кейін Батыс Еуропа (95,1%) мен Солтүстік Америка (93,3%) келеді.

Интернетпен қамтудың ең төмен деңгейі Африка құрлығында тіркелді: Шығыс Африкада – 26%, Орталық Африкада – 33,5%.

Орталық Азияда интернетке қол жеткізе алатын халықтың үлесі әлемдік орташа көрсеткіштен едәуір жоғары болып, 82%-ды құрады. Аймақ елдері ішінде ең жоғары көрсеткіш Қазақстанда байқалды– 93,4%. Одан кейін Өзбекстан (89%), Қырғызстан (88,5%), Тәжікстан (56,8%) және Түрікменстан (46,1%) орналасқан.

Қазақстанда интернет сапасы

Ookla деректері бойынша, 2025 жылғы қарашада Қазақстандағы мобильді интернеттің медиандық жылдамдығы 93,1 Мбит/с болды. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш және әлемдік орташа деңгейге (103 Мбит/с) жақын. Өзбекстанда – 53,2 Мбит/с, Қырғызстанда – 51,6 Мбит/с, ал Тәжікстан мен Түрікменстан бойынша деректер жоқ.

Тұрақты интернеттің әлемдік медиандық жылдамдығы 115,4 Мбит/с-қа жетті. Орталық Азияда бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан (83,5 Мбит/с) Өзбекстан (89,9 Мбит/с) мен Қырғызстаннан (85,1 Мбит/с) қалып қойды. Тәжікстанда тұрақты интернет жылдамдығы 40,4 Мбит/с, Түрікменстан бойынша дерек жоқ.

Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушыларының үлесі 80,8%-ды құрайды

Интернет инфрақұрылымының артуы мен байланыс сапасының жақсаруы әлеуметтік желілер аудиториясының кеңеюіне тікелей әсер етуде.

2025 жылғы қазанда әлем халқының 68,7%-ы әлеуметтік желілерді пайдаланды, бұл бір жыл бұрынғы 66,1%-дан жоғары. Алайда Орталық Азия әлеуметтік желілердің таралуы ең төмен өңірлердің қатарында қалды, небәрі 44,5%. Бұдан төмен көрсеткіштер тек Африкада (12,1%–44,1%) және Оңтүстік Азияда (34,5%) тіркелді.

Ал Қазақстан бұл жағынан айқын көшбасшы болды. Елде әлеуметтік желі қолданушыларының үлесі 80,8%-ды құрап, әрі өңірлік, әрі әлемдік орташа деңгейден едәуір асып түсті. Қырғызстан (53,3%) мен Өзбекстан (37,9%) айтарлықтай артта қалды. Тәжікстан (18,9%) мен Түрікменстанда (5,1%) әлеуметтік желілердің таралу деңгейі өте төмен.

Қазақстанда TikTok, Threads, Facebook және Instagram аудиториясы

Жекелеген платформалар бойынша да Қазақстан Орталық Азияда алдыңғы орында. TikTok желісінде қазақстандық қолданушылар саны 16,9 млн-ға жетсе, Threads пен LinkedIn-те –1,9 млн-нан. Салыстыру үшін, Өзбекстанда TikTok – 2,6 млн, Threads – 834 мың, LinkedIn – 1,1 млн қолданушыға ие.

Facebook желісінде Қазақстан өңірлік көшбасшылықты 2,5 млн қолданушымен сақтады, алайда Өзбекстаннан (2,3 млн) айырмашылық аз. Ал Instagram-да керісінше жағдай қалыптасты: Қазақстан (13,1 млн) Өзбекстаннан (14,1 млн) артта қалып отыр.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп ресми түрде жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз