Жаңалықтар

Бишіге қол көтерген ер адамға қатысты тексеріс басталды

фото: instagram

Қосшы қаласындағы мейрамханалардың бірінде бишінің қатысуымен жанжал шықты. Астанадан келген өнерпаздың айтуынша, өнер көрсету кезінде қонақтардың бірі оның қолынан ұстап, билеуін тоқтатуға тырысқан.

Оқиға сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан ер адамды кеш жүргізушісі алаңнан шығарғаны байқалады. Биші болған жағдайдан кейін қатты күйзеліске түскенін, қолында із қалғанын мәлімдеді.

«14 жылдан бері сахнада жүрмін, өмірімде мұндай жағдай болмаған. Өкінішке қарай, Қазақстанда ой-өрісі төмен, өзін ұстай алмайтын ер адамдар бар. Қазір таксиде кетіп бара жатырмын, қолым дірілдеп тұр, мобилографым жылап қалды. Мен полиция шақырып, шу шығаруыма да болар еді, бірақ тапсырыс арқылы барған соң үнсіз қалдық. Алайда Instagram желісінде үнсіз қалмаймын» – деп жазды биші.

Оқиғадан кейін өнерпаз эмоциялық жазба жариялап, құқық қорғау органдарына жүгінетінін жеткізді. Сонымен қатар ол қолдау білдірген оқырмандары мен әріптестеріне алғыс айтты.

Полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша арыз Қосшы қаласының полиция бөлімінде тіркелген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Қажетті процестік іс-шаралар өткізілгеннен кейін, ер адамның әрекетіне құқықтық баға беріліп, түпкілікті шешім қабылданады.