Жаңалықтар

Ел Конституциясы қайта жазылады

Мұны Тоқаев ұлттық құрылтайда айтты/фото: shutterstock

Ел Конституциясы қайта жазылады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.

«…Конституция мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықтарды түзеуіміз керек», – деді Тоқаев.

Айтуынша, бұл жұмысқа білікті заңгерлер мен тіл мамандары тартылады.

«Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс.

Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек», – деді президент.

Одан бөлек елде Конституциялық комиссия құрылады. Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері болады.

«Комиссияға Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр.