
Биыл кино нарығы бірқатар қызық фильммен толығады. Оның ішінде холливуд ұсынатын премьералардың дені көпшіліктің аңсап күткен туындылары деп нық сеніммен айта аламыз. Бірінің сүйікті оқиғасы жайлы, енді бірінің кумиріне айналған актерлер түскен фильмдердің тұсаукесері қашан болатыны ресми түрде анықталғандарын тізіп шықтық. Айта кететін бір жайт: әзірге АҚШ-тағы ресми премьера күні ғана белгілі. Бірақ әдетте әлемдік тұсаукесерден кейін көп ұзамай біздің елде де көрсетіле бастайтынын ескерсек, бастысы релиз уақытын шамалап алу ғана маңызды болып тұр.
PROJECT HAIL MARY
Премьерасы: 2026 жылғы наурыз
Жанры: ғылыми фантастика, драма
Түсірген студия: Amazon MGM Studios
Сюжеті туралы қысқаша айтқанда
Фильм Энди Вейрдің осы аттас туындысының желісімен түсірілген. Вейр әйгілі The Martian-ның («Марсианин») авторы екенін де атап өту керек. Ал енді сюжетіне келсек. Бас кейіпкер – мектепте сабақ беретін, Райланд Грейс есімді мұғалім. Ұйқыдан оянса, күн жүйесінен тыс бір жерде, ғарыш кемесінде жатыр екен. Не аты-жөнін, не немен айналысатынын – ештеңе білмейді. Бірақ уақыт өте келе өзіне бекітілген миссия барын түсінеді. Ол міндет – Жерге ғарыштан төніп тұрған қауіптен адамзат баласын құтқару. Фильмге түскен актерлерге келсек, Райан Гослинг, Милана Вайнтруб, Кен Люн, Сандра Хюллер, Лиз Кингсман және т.б. режиссерлері: Фил Лорд пен Кристофер Миллер. Көпшілік күтетін, көп касса жинайтын фильм болады деген болжам жасауға осы режиссерлердің жұмысы болғаны да себеп. Себебі бұған дейін бұл дуэт әйгілі «Өрмекші адамды» да түсірген еді.
THE BRIDE!
Премьерасы: 2026 жылғы наурыз
Жанры: готик хоррор, драма
Түсірген студия: Warner Bros.
«Франкенштейннің қалыңдығы» оқиғасы ұнаған болса, онда бұл туынды содан шабыт ала отырып түсірілген десек болады. Мұндағы оқиғалар да 1930-жылдардан баяндалады. Құбыжық Франкенштейн ғалымға барып, өзіне серік керегін айтады. Сөйтіп дәрігер екеуі бірігіп өлген бір әйелге жан бітіреді. Жоспар бойынша ол Франкенштейннің қалыңдығы болуы керек еді. Бірақ ойламаған жерден басқа да неше түрлі оқиғаға ұласып, бұл іске полиция да араласады.
Актерлер құрамына келсек, қалыңдық рөлінде – Джесси Бакли, Франкенштейнді Кристиан Бейл сомдайды. Атақты Пенелопа Крусты да осы фильмнен көре аласыз. Режиссері – Мэгги Джилленхол.
THE SUPER MARIO GALAXY MOVIE
Премьерасы: 2026 жылғы сәуір
Жанры: анимация, отбасылық фильм
Түсірген студия: Illumination / Nintendo
Супер Марионың фанаттына жақсы жаңалығымыз бар. 2023 жылы шыққан хит туындының жалғасы араға үш жыл салып жарыққа шыққалы жатыр. Бұл жолы Марио мен Луиджи Саңырауқұлақ патшалығында емес, Галактиканың ғарыш әлемінен бір шығады. Ал ол жерде билікті Боузер түгелдей қолына алмақ болады.
Дыбыстаған актерлер: Крис Пратт – Марио, Чарли Дэй – Луиджи, Аня Тейлор-Джой – Пич ханшайым, Джек Блэк – Боузер.
SUPERGIRL
Премьерасы: 2026 жылғы маусым
Жанры: суперқаһармандар туралы экшн
Түсірген студия: DC Studios
Бұл фильм әйгілі DC-дің жаңарған бір бөлімі болады. Атап айтқанда, Суперменнің туысы Каре Зор-Эл туралы оқиға болмақ. Оның бала кезі өте ауыр өткен. Сондықтан Каренің әділет пен парыз жайлы түсінігі де басқалардан өзгерек. Суперменнің рөлін Милли Олкок сомдайды. Одан бөлек, фильмге Ив Ридли, Джейсон Момоа, Алиса Хокин, Эмили Бичем, Маттиас Шонартс және т.б. түсті. Режиссері – Крэйг Гиллеспи.
THE ODYSSEY
Премьерасы: 2026 жылғы шілде
Жанры: тарихи эпос
Режиссері: Кристофер Нолан
Гомердің әйгілі «Одиссеясының» кинонұсқасы. Троя шайқасынан қайтқан Одиссейдің жолы баяндалады. Тарихи фильм көргенді ұнататындарға осындай сүйінші хабар бар. Жобаның ауқымы өте кең. Әрі бұл жерде акцент аңыз бойынша айтылатын оқиға мен пафосқа емес, адами драмаға көбірек беріледі деп айтылып жүр. Актерлер құрамы да ғажап: Одиссейді – Мэтт Деймон, Телемахты – Том Холланд, Пенелопаны Энн Хетеуей сомдайды. Одан бөлек, Роберт Паттинсон, Лупита Нионго, Зендея, Шарлиз Терон, Бенни Сэфди, Миа Гот, Райан Херстті де осы туындыдан көре аласыз.
SPIDER-MAN: BRAND NEW DAY
Премьерасы: 2026 жылғы шілде
Жанры: суперқаһармандар туралы экшн
Түсірген студия: Marvel / Sony
No Way Home оқиғасын көрген болсаңыз, бұл фильм содан кейін болған жайттар жайлы. Питер Паркер өмір сүріп жатқан бұл әлемде ешкім оны білмейді. Ешкімнің есінде жоқ. Содан ол қайтадан бастапқы кездегі, яғни көшеде қаңғып жүрген Өрмекші адамға айналады. Сол жолда ол жаңа бір дұшпандарымен күреседі.
Питер Паркерді әдеттегідей Том Холланд сомдайды. Ал Мишельдің рөлінде – Зендея. Әзірге рөлдің статусы туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ екеуінің дуэті сәтті шығатыны анық.
AVENGERS: DOOMSDAY
Премьерасы: 2026 жылғы желтоқсан
Жанры: суперқаһармандар туралы эпик
Түсірген студия: Marvel Studios
Бұл жерде MCU-дің жаңа кезеңінің шарықтау шегі көрсетіледі десек болады. Атап айтқанда, Доктор Думға байланысты жаһанға төніп тұрған қауіп, түрлі әлемдер арасындағы текетірес жайлы. Мұнда қаһармандар командасына жаңа адамдар қосылады. Сонысымен де көрерменді қызықтырып отыр. Әзірге Marvel толық каст туралы ресми ақпарат берген жоқ. Бірақ The Fantastic Four-дағы кейіпкерлер бар деседі.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 2025 жылы жарық көрген үздік деректі фильмдер туралы жазған едік.