Ірі алтын өндіруші компанияның акциялары Қазақстан қор биржасында сатылады

Қазақстанда ірі алтын өндіруші компанияның бірі – Solidcore Resources plc қарапайым акциялары Қазақстан қор биржасында (KASE) саудалана бастайды. Бағалы қағаздар 19 қаңтардан биржаның «стандарт» категориясына ресми түрде қосылған.
Бұл шешімді KASE басқармасы 2026 жылғы 8 қаңтарда қабылдады. Акциялардың саудаға шығу күні кейінірек жарияланады.
Акцияларды биржаға шығарудағы бастамашы– Freedom Finance Global PLC. Solidcore Resources plc негізінен холдингтік компаниялар қызметімен айналысады.
2025 жылы осы компанияның акциялары AIX биржасында ең көп сауда көлемін көрсеткені белгілі: 284,4 млн доллар. Яғни жалпы сауда көлемнің 52%-ы осы акцияларға тиесілі болды. Ал құны былтыр бірден +99,4%-ға қымбаттаған.
Алтын өндіруші компанияның 29,7%-ы омандық Maaden International Investment LLC-қа тиесілі болса, 0,7%-ы менеджмент қолында, ал қалған 69,6%-ы еркін айналымда жүр.
Компания 2025 жылдың ІІІ тоқсанында өндіріс көлемін 2024 жылмен салыстырғанда 5%-ға арттырып, 125 мың унция деңгейіне жеткізген.