Тарифке қарсы қаржы қысымы: Еуропа Трампқа қалай жауап бермек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Еуропа АҚШ компанияларының акцияларын сата ма / Фото: Reuters, бильд-редактор Дастан Шанай

Еуропада америкалық акциялар мен облигацияларды сатуға қатысты пікірталас күшейіп келеді. Bloomberg агенттігінің жазуынша, бұл қадам АҚШ президенті Дональд Трамптың ЕуроОдаққа қарсы сауда соғысын қайта жандандыру ниетіне жауап болуы мүмкін.

Мұндай сценарий іске асса, америкалық қор нарығында акциялар арзандап, АҚШ үшін қарыз алу құны өсуі ықтимал.

Deutsche Bank есебіне сәйкес, Еуропа инвесторлары АҚШ-тың акциялары мен облигацияларына шамамен 8 трлн доллар инвестициялаған. Ал кейбір деректерде Еуропа елдерінің иелігіндегі америкалық активтердің жалпы көлемі 10 трлн доллардан асатыны айтылады.

Бұл қаражаттың едәуір бөлігі мемлекеттік инвестициялық қорлардың басқаруында. Сарапшылардың айтуынша, осындай активтерді жаппай сату доллар бағамының әлсіреуіне де әкеп соғады.

Bloomberg мәліметінше, Вашингтон ЕуроОдаққа қарсы тариф енгізсе, Еуропада бұл қаржы құралы Ақ үй әкімшілігіне қысым жасау, яғни тежеу шарасы ретінде қолдану мүмкіндігі талқыланып жатыр. Себебі АҚШ экономикасы тұрақты жұмыс істеу үшін шетелдік капиталға айтарлықтай тәуелді.

17 қаңтарда Дональд Трамп АҚШ Ұлыбритания, Германия, Дания, Нидерланд, Норвегия, Финляндия, Франция және Швециядан келетін тауарларға 10% көлемінде кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Бұл шаралар 1 ақпаннан бастап күшіне енеді, ал 1 маусымнан бастап тариф мөлшері 25%-ға дейін өседі.

Трамптың айтуынша, бұл баж салығы АҚШ пен аталған елдер арасында Гренландияны толық әрі түпкілікті түрде АҚШ-тың иелігіне өткізу жөнінде келісім жасалғанға дейін қолданыста болады.

Сондай-ақ оқыңыз