Жаркенттегі жағдай: депутат Мақсат Толықбай екі баланың әкесіне көмектесетінін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Мақсат Толықбай екі баланың әкесіне барынша қолдау көрсету керек дейді / Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Жаркенттегі резонанс жағдайға байланысты екі баланың әкесіне көмектесуге даяр екенін жеткізді. Бұл туралы ол Кursiv.Media тілшісіне Ұлттық құрылтай кулуарында айтты.

Баласын ұрған әйел қамауға алынған, ал әкесі алдағы 10-15 күнде тұратын баспана таппаса, ұлдарынан айырылып қалуы мүмкін.

«Мен бұл жағдайдың шет-жағасын естідім. Әкесі балаларын өз қамқорлығына алғысы келеді ғой? Ол үшін баспана керек… Ал баспана алуға қазір жағдайы жоқ, қара жұмысқа денсаулығы жарамайды дейді. Мен қазір әкімдікке хабарласайын, қандай көмек бере алады? Тым болмаса жатақхана бере ме… Обал ғой, өзі бағып, өсіргісі келеді, ал оған баспанаң болуы керек деген талап қойып жатыр. Әкімдікке айтып көрейін, мүмкін бізге қоғамның өзіне де үндеу тастау керек шығар. Жаркенттің өзінде жаны ашитын, кәсіпте жүрген азаматтар жоқ па? Жаркенттегі үйдің бағасы Астана мен Алматымен бірдей емес шығар. Баласын асырай алатындай жағдайға жеткізіп, бір жатақхана болсын тауып берер», – деді ол.

Депутат осы мәселе бойынша жергілікті әкімдікпен байланысып, баспанасыз жүрген жанға барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Көпшіліктің сынына ұшыраған даулы оқиға 17 қаңтарда Жетісу облысы, Панфилов ауданына қарасты Жаркент қаласында болған. Облыстық полиция кәмелет жасқа толмаған балаға қол көтерген ананың үстінен қылмыстық іс қозғады.

Бұған дейін Кursiv.Media баласын батареяға байлап қойып ұрған әйел ата-ана құқығынан айрылса, әке екі баласына қайта қосылу үшін шұғыл түрде баспана іздеп жүргенін жазған.

Сондай-ақ оқыңыз