
Желіде банкоматтан қолма-қол ақша алғандар туралы дерек бір жерге жинақталып жатыр деген ақпарат тараған. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мұны жоққа шығарып, банкоматтарда бейнебақылау камералары қауіпсіздік мақсатында орнатылғанын мәлімдеді.
Ұлттық банк те елде мұндай тізім жасалмайтынын мәлімдеген.
«Банкоматтағы камералар қылмыстың (алаяқтық немесе ұрлық) алдын алуға, сондай-ақ клиенттердің және құқық бұзушылардың әрекетін тіркеу арқылы оқиғаны тергеп-тексеру барысында пайдалануға мүмкіндік береді», – делінген ақпаратта.
Банкоматта түсірілген видеолар даулы жағдайда дәлел бола алады, ол банк клиенттері мен қаржы ұйымдары мүддесін қорғау мақсатында орнатылған.
Мұндай талап 2016 жылы бекітілген. Құжатқа сәйкес банктер банкоматтарда кемі бір камера орнатуға міндетті. 2026 жылдан бастап банктер видеоларды кемі 180 күн сақтауға тиіс. Бұрын мұндай талап болмаған: кей банк жазбаны алты айға дейін сақтаса, енді бірі 30 күннен кейін өшіріп тастайтын.
Демек, азаматтың банкоматтан қанша рет және қандай сомада қолма-қол ақша алғаны тіркелмейді.
Бұған дейін KursivMedia елдегі 23 банктің кімдерге тиесілі екенін шолып шықты.