Жаңалықтар

«Мектептен дәретхана қағазына дейін ұрлап жатыр»: сарапшы Президентке үндеу жолдады

Фото: kursiv.media мұрағаты

Мемлекеттік сатып алулар саласының сарапшысы Бибек Жүнісов ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Ол бюджеттен бөлінетін қаражат мұғалімдердің мектептегі керек-жарағына іс жүзінде жетпейтінін мәлімдеді.

Сарапшы бұл пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Президентке жүгінді.

«Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен білім саласына триллиондаған теңге бөлінеді. Соның шамамен 300 млрд теңгесі балабақшаларға, мектептер мен жоғары оқу орындарын қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл қаражатқа кеңсе тауарлары, шаруашылық және спорттық жабдықтар, құрылыс материалдары және өзге де қажетті заттар сатып алынады. Алайда оның мардымсыз бөлігі ғана түпкілікті алушыларға жетеді. Көп жағдайда мұғалімдер барлық қажеттілікті өз қалтасынан, кейде ата-аналардың есебінен алуға мәжбүр. Бұл қаражат неге нақты адресаттарға жетпейтіні – басы ашық мәселе күйінде қалып отыр», – деді Бибек Жүнісов.

Оның айтуынша, былтыр Талдықорған қаласында, Жетісай және Шардара аудандарында білім бөлімдерінің бірнеше басшысы сотталған.

«Жалпы алғанда, бұл білім бөлімдері арқылы 12 млрд теңге ұрланған. Ал енді білім басқармаларында, департаменттерде, комитеттерде және тұтастай алғанда министрлік басшылығында не болып жатқанын елестетудің өзі қорқынышты. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, соңғы 35 жыл бойы мұғалімдерге бюджет есебінен қажетті тауарлар жеткізілмей келеді. Дегенмен оған қаржы тұрақты түрде бөлініп отырған. Осы мәселеге ерекше назар аударуыңызды сұраймын. Біз жиі «балалар – біздің болашағымыз» деп айтамыз. Бірақ егер олардан тіпті дәретхана қағазын да ұрлап жатса, ол болашақ қандай болмақ?» – деп атап өтті сарапшы.

Бұған дейін бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова пікір білдірген. Сонда министр мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру, баға тиімділігін қамтамасыз ету және бөлінген қаражаттың мұғалімдерге нақты жету тетіктерін жетілдіруге дайын екенін жеткізген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын сарапшы қағазға бөлінетін 250 млрд теңгені мұғалімдерге тарату керек деген ұсынысын алматылық белсенді Санжар Боқаевпен бірге түскен видеода айтқан еді.