Өскемен мен Талдықорғанда жолақысын банк қосымшасы арқылы төлеуге болады

Ертеңнен бастап Өскемен және Талдықорған қалаларында қоғамдық көлікте жолақы төлеудің жаңа тәсілі іске қосылады. Енді жолаушылар ONAY! QR-коды арқылы банк қосымшасымен төлем жасай алады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
«Жаңа төлем тәсілі қоғамдық көлік қызметін пайдалануды барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Жаңа мүмкіндік аясында жолаушылар автобустың ішінде орналастырылған ONAY! QR-кодты сканерлеу арқылы Halyk және Kaspi банктерінің мобильді қосымшалары арқылы жолақысын төлей алады.
Аталған функционал ONAY! сервистерін цифрландыру аясында енгізіліп, жолаушылар үшін жолақы төлеудің қолданыстағы тәсілдерін кеңейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, жолақы төлеудің бұрыннан бар әдістері де қолданыста қала береді. Атап айтқанда, ONAY! көлік карталары (виртуалды және бірыңғай), стандартты және жеңілдік тарифтері, ONAY! мобильді қосымшасы арқылы төлем, сондай-ақ ұялы телефон балансы арқылы SMS-төлем мүмкіндігі сақталады.