
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте кісі қолынан қайтыс болған бойжеткен туралы айтты.
Тоқаев Ұлттық құрылтайда Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін Ішкі істер министрлігіне тапсырма бергенін жеткізді. Сөзінше, осы жағдайға байланысты Ұлттық құрылтайға 130-ға тарта хат түскен.
«Күдіктінің маза бермей, қоқан-лоққы көрсеткені анықталды. Арты адам өліміне әкеп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор бұл мәселені мұқият тексереді.
Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл ұлттық беделімізге нұқсан келтіретін өрескел жағдай, қылмыс. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды», – деді Тоқаев Ұлттық құрылтайда.
Бұған дейін 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікпен 28 жастағы жігіт екі айға қамауға алынды.
Күдікті 2025 жылдың қазанында Нұрайды еркінен тыс алып қашқан, оған қыз да, отбасы да көнбеген. Осы жайт бойынша полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жолмайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай оған кешірім берген.