Жаңалықтар

Қазақстан күнбағыс майын экспорттаудан әлемдік ТОП-3 елдің қатарына кірмек

Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстан күнбағыс майын өндіруден әлемнің үштігіне кіруді, май-тоңмай саласы өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд доллардан асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.

Астанада өткен Экспорттық штабтың алғашқы отырысында агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер және қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығу барысында кездесетін жүйелі кедергілерді жою мәселелері талқыланған.

«Бұл жұмыстың негізгі нәтижесі 2026 – 2028 жылдарға арналған май-тоңмай саласы өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасының әзірленуі болды. Құжатты әзірлеу барысында еліміздің солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде майлы дақылдарды өсірумен, сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Жетісу және Алматы облыстарында оларды өңдеумен айналысатын 30-дан астам кәсіпорынға кешенді диагностика жүргізілді. Жол картасында саланың дамуына арналған нақты әрі өлшенетін көрсеткіштер айқындалды. Олардың қатарында өңдеу қуаттарының жүктемесін арттыру, экспорт географиясын кеңейту және 2028 жылға қарай Қазақстанның күнбағыс майын әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің қатарына енуі көзделген», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар экспортқа кедергі келтіретін түйткілдер қатарында теміржол тасымалындағы басымдық беру тәртібі, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау рәсімдері, Қытай тізілімдеріне енгізу, экспорттық шығындарды өтеу және қаржылық қолдау құралдарының қолжетімділігі айтылған.