
Қазақстанда вице-президент болады. Ұлттық құрылтайда Тоқаев осындай ұсыныс айтты.
Вице-президентті президенттің өзі тағайындайды.
«Жоспар бойынша, вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерін халықаралық форумдарда, тиісті мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде ұсынады, президенттің атынан парламентпен әрекеттеседі, сондай-ақ отандық және шетелдік қоғамдық, саяси, ғылыми, мәдени және ағартушылық ұйымдармен байланыс жасайды, және басқа да президент тапсырмаларын орындайды. Осы негізгі ережелер, яғни вице-президенттің қызметтік функционалы, Конституция мәтінінде де көрініс табуы тиіс», – деп түсіндірді ол.
Ал президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттілігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі.
Егер Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі. Осы мәселені ерекше атап өткен жөн: қалған мерзім 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтуі тиіс деген норма негізгі заңда нақты бекітілуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл мен үшін өзгермейтін, маңызды ұстаным. Осы норма мемлекет басшылары үшін де ешқашан өзгермейтін қағида болуға тиіс, – деп атап өтті президент.