Қызды «интимді фотоларын жариялаймыз» деп қорқытқан  екі жаңаөзендік ұсталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ол әлеуметтік желілерде және туыстарына интимдік фотосуреттерін тарататынын айтып, миллион теңге талап еткен / фото: Өңірлік полиция департаменті
Ол әлеуметтік желілерде және туыстарына интимдік фотосуреттерін тарататынын айтып, миллион теңге талап еткен / фото: Өңірлік полиция департаменті

24 жастағы қызды интимдік фотоларын жариялаймын деп қорқытып, 1 миллион теңге талап еткен екі жаңаөзендік ұсталды.

Lada.kz хабарлауынша, 17 қаңтар күні полиция бопсалауға күдікті екі ер адамды құрықтады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2000 жылы туған жәбірленуші полицияға арызбен жүгінген. Оның айтуынша, 1997 жылы туған ер адам әлеуметтік желілерде және туыстары арасында интимді фотосуреттерін таратамын деп қорқытып, одан 1 миллион теңге көлемінде ақша талап еткен.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті WhatsApp арқылы «алдымен 200 мың теңге аударуды, ал қалған 800 мың теңгені 2026 жылғы 20 қаңтарға дейін беруді» талап еткен. Ақшаны өзі көрсеткен есепшотқа аударуды сұраған.

Тінту барысында күдіктілердің бірінен көк түсті iPhone 14 Pro Max, екіншісінен қара түсті iPhone 11 ұялы телефондары тәркіленді. Аталған құрылғылар заттай дәлел ретінде іске тіркелді.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлігі – «бопсалау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Бопсалаушыларға 4000 АЕК-ке дейін – 17 300 000 теңге айыппұл салынуы мүмкін. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1000 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Болмаса, мүлкін тәркілеумен-тәркілеусіз 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Ал Түркістан облысында миллион теңге бопсалады деген блогер ұсталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз