Қызылордадағы құрылтай: Тоқаев айтқан бес өзгеріс

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Саяси өзгерістер туралы Тоқаев ұлттық құрылтайда айтты/фото: Ақорда, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Жиын барысында елімізде болатын саяси өзгерістердің бір парасы айтылды. KursivMedia енгізілуі мүмкін өзгерістерге шолу жасады.

Жаңа парламент «Құрылтай» деп аталады

Бір палаталы парламент құру мәселесі бірнеше айдан бері айтылып келеді. Президент Тоқаев жиындардың көпшілігінде осы тақырыпқа ерекше тоқталып та жүр.

Осылайша бір палаталы парламент «Құрылтай» деп аталады.

«Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек», – деді Тоқаев.

Осылайша парламенттегі мандат саны 145 болады. Парламент төрағасының үш орынбасары болуы мүмкін. Комитет саны 8-ден аспауы керек.

Қазір Парламентте жалпы 148 депутат бар: Сенатта – 50 депутат, ал Мәжілісте – 98.

Айта кетейік, жаңа бірпалаталы Парламентте президенттік квота мен Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған квота болмайды.

Вице-президент лауазымы пайда болады

Қазақстанда елді президент басқарады. Бұған дейін елде вице-президент лауазымына ешкім тағайындалмаған. Енді мемлекет басшысы вице-президентті өзі тағайындайтын болады.

Тоқаевтың айтуынша, вице-президент президент тапсырмасымен шетел делегациясымен келіссөз жүргізеді.

Сондай-ақ вице-президент Парламентпен президент атынан жұмыс істейді және қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени ұйымдармен байланыс орнатып, өзге де тапсырмаларды орындайды.

Айта кету керек, қазіргі қолданыстағы Конституцияда «вице-президент» ұғымы бар. Ол заңның 94-бабында кездеседі.

«Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-президенті өзі сайланған мерзім аяқталғанға дейін өкілеттігін сақтайды»,деп жазылған заңда.

Президент мерзімінен бұрын қызметтен кетсе…

Заңға сәйкес, елде президент жеті жылға сайланады. Сайлау өткеннен кейін көп дауыс жинап, жеңіске жеткен үміткер бір ай ішінде ант береді.

Қолданыстағы Конституцияның 48-бабына сәйкес, президент қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, қайтыс болған жағдайда Республика президентінің өкілеті Парламент сенатының төрағасына беріледі.

Тоқаевтың айтуынша, жаңа Ата заңда бұл бап өзгереді. Соған сәйкес, мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтуге тиіс болады.

«Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек» – деді Тоқаев.

Халық кеңесі құрылады

Бұл орган Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларын біріктіреді.

Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді, ал төрағаларын президенттің өзі тағайындайды.

Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Халық кеңесінің жиыны жылына бір рет өтеді.

«I’m really sorry»

I’m really sorry. Бұл – Тоқаевтың ұлттық құрылтай отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге қарата айтқан сөзі. Себебі мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады. Ал бұл қызметті қазір Ерлан Қарин атқарып отыр.

Мемлекеттік кеңесші президент тапсырмасына сәйкес Парламент және оның палаталарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда, халықаралық қарым-қатынастарда өкілдік етеді.

Одан бөлек әлеуметтік-гуманитарлық сала: білім, ғылым, мәдениет және спорт мәселелері бойынша қызметті үйлестіреді.

Сондай-ақ оқыңыз