Шымкентте «алып қашып, зорлады» деген қыздың оқиғасы бойынша жаңа деректер шықты

Жарияланды
Фото: Зульфия Елібаева

Шымкентте 17 жастағы қыздың «еркімнен тыс алып қашып, зорлады» деген шағымы бойынша жаңа деректер айтылды. Жәбірленуші анасы және қорғаушысымен бірге оқиғаның мән-жайын айтты. Қамауға алынған 25 жастағы жігіттің анасы оқиға басқаша өрбігенін жеткізді.

«Жыныстық қатынасқа түспесең, ешқайда шықпайсың»

Аты-жөнін атаудан, түрін көрсетуден бас тартқан жәбірленушінің сөзінше, өзін еркінен тыс алып қашып, зорлаған 25 жастағы жігітпен туысқанының тойында танысқан. Одан кейін көрмеген, сөйлеспеген. Өткен жылдың 6 қарашасында тісін емдетіп, үйіне бара жатқанда жігіт достарымен бірге бас салып алып қашқан.

«Көлікке отырғызғаннан телефонымды қолымнан жұлып алды. Үйіне барған соң көліктен түспей қарсылық білдірдім. Үйіне көтеріп кіргізді. «Ата-анаңды білеміз, алыс емеспіз, туысқанбыз» деді. Таңға дейін телефонымды бермеді. Ешкіммен байланыса алмадым. Таңда қуғыншылар келді. Оларға «жігіт ұнамайды, бұл некені қаламаймын, үйге қайтамын» дедім. Әжем қалғанымды қалады. Олар қалдырып кетті», – дейді жәбірленуші.

Жәбірленушінің сөзінше, арада 4 күн өткенде мәжбүрлеп жыныстық қатынасқа түсірген.

«Жыныстық қатынасқа түспесең ешқайда шықпайсың» деді. Менде етеккір келіп жатты. Соған қарамастан жыныстық қатынасқа түсірді. Анасы мен туысқан жеңгелері «Бұл біздің дәстүріміз» деп астымызға ақ мата төседі. Менде қашуға, ол жерден кетіп қалуға мүмкіндік болған жоқ. Қашуға мүмкіндігім болған кезде, қашып кеттім. Алғашында арыз жазатын ой болған жоқ. Оның үстіне қорықтым», – дейді ол.

Жәбірленуші полицияға 31 желтоқсан күні арызданған. Одан кейін жігіт арызды алуды сұраған, алмаған соң қорқытып-үркіткен.

Фото: Зульфия Елібаева

«Келісіп, қаламын» деді»

Десе де қамауға алынған 25 жастағы жігіттің анасы Зульфия Елібаева қыздың сөзін жоққа шығарады. Айтуынша, жігіт отбасындағы 7 баланың тұңғышы. Өткен жылдың 6 қарашасында ұлы келін әкелетінін айтқан соң дайындалған. Туысқандары мен көрші-қолаң, дос-жарандарын шақырған. Кеш батқанда баласы мен оның достары келін әкелген.

«Балам үйленемін деген соң келісім бердім. «Қыз алып қашатыныңды біле ме, келісті ме?» деп сұрадым. Екеуі сөйлесіп жүрген. Бөтен емес, құдашамыз. «Жігітті танымаймын, өмірімде көрген жоқпын», «зорлады» дегені жалған. Алып қашудан бұрын қыз әсемдік үйіне кірген. Кірпік жалғатқан, тырнағын боятқан. Ақысын балам төлеген. Көлікке өзі мініп, Шымкенттен Сарыағашқа келгенше күліп-ойнап отырған. Үйге келгенде жеңгесі орамал тағатын кезде қарсылық көрсетті. «Балам, өз қалауымен келді ме?» деп қайта сұрадым. Қыздың өзімен сөйлестім. «Көліктен үндемей түссем жұрт не дейді?» деді. «Өз еркіңмен келсең ғана қал. Болмаса үйіңе алып барайық» дедім. Рұқсат берген соң, орамал жаптық», – дейді Зульфия Елібаева.

Оның сөзінше, қыз бен жігіттің таныс екенін, бірге жүргенін растайтын фото-видеолар бар. Келін түсіргеннен кейін кештетіп артынан 3 құрбысы келген. Қыз «өз шешіміммен келісіп келдім» деп жауап берген. Содан кейін құлағына сырға, қолына жүзік таққан. Қолхат жазып, 1,5 млн теңге қалыңмалын беріп, хабаршы жіберген. Артынан аға-жеңгелері, әпкесі келіп қызбен бетпе-бет сөйлескен. Онда да «қаламын» деп келіскен. Сосын қуғыншылар келген.

«Қуғыншылар кеткен соң қызды бағып-қаққан әжесі мен әкесіне хабарласып, беташар жасауға бола ма деп сұрадық. Рұқсат етіп, батасын берген соң беташар жасадық. 6 қарашада келін болып түсті. 10 желтоқсан күні таңда ешкімге ләм-мим демей үйден кетіп қалды. Балам телефон соқты, ала алмады. Оқуына барып, таппады. Әжесіне барып еді, онда да болмады. Кейін құрбыларымен бірге пәтерде екенін білдік» дейді ол.

Зульфия Елібаева келінімді жамандыққа қимаймын деп отыр. Келін болып түскеннен кейін оқуына барып-келіп жүрген.

«Оқуынан қалмасын дедім. Мінезі ашық болды. Одан жамандық көргем жоқ. Үйде жүрген кезде тек «апа, апа» деп аяғыма еркелеп жататын. Сабақтан келгенде маңдайынан сүйіп қарсы алатын едім. Келінді жаман деп айта алмаймын. Бірақ болмағанды болды деп арызданғанына қапа болып отырмын», – деді әйел.

Полиция «алып қашушыны» әуелі жіберіп, резонанстан соң қайта ұстаған

6 қаңтарда полиция жігітті іздеп үйіне келген. Полицияға қолындағы бар деректі ұсынған. Полиция мән-жайды білген соң оны үйіне қайтарған. Шымкенттегі 21 жастағы қыздың өлімінен кейін келіні әлеуметтік желіде шағымданып, баласын полиция қамауға алған. Қазір іс Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау» бабымен тергеліп жатыр.

«Өзіміз шок болып отырмыз. Шағыммен мүлде келіспейміз. Есімді енді жинап отырмын. Бүкіл Қазақстанға жалған ақпарат тарады. Шынымызды айтсақ та бізге ешкім сенбей тұр», – дейді Зульфия Елібаева.

Бұған дейін, әлеуметтік желіде өзін 17 жастамын деп таныстырған Шымкент қаласының тұрғыны Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны еркінен тыс алып қашқанын айтып, шағымданған. Ұзамай күдікті ұсталғаны хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз