Ұлттық құрылтай: тікелей трансляция

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Ұлттық Құрылтай Қызылорда
фото: Ақорда

20 қаңтарда Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтеді. Бұл жиыннан Kursiv.Media тілшілері де ақпарат таратады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатын осы жиында саяси реформалар, соның ішінде бір палаталы парламент құру мәселесі сөз болады.

Съезд подиумындағы президенттің екі жағында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен сенатор Бибігүл Жексенбай отыр.

V  Ұлттық құрылтайдың жұмысын мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бастады. Ол екі күндік форумның алғашқы күні төрт панельдік секция отырысы форматында өткенін еске салды.

«Аталған секциялар аясында құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйледі. Талқылау барысында 200-ден астам ұсыныс пен кеңес айтылды. Бұл бастамалардың барлығы қазірдің өзінде жинақталды. Олардың кейбірімен бүгін Ұлттық құрылтай мүшелері өз сөздерінде бөліседі», – деді Ерлан Қарин.

Ғылымға бөлінген қаржы бар, жаңашылдық жоқ

Саясаттанушы Марат Шибұтов Ұлттық құрылтайда ғылымды қаржыландыру мәселесін көтеріп, мемлекеттік тапсырыс тетігін өзгертуді ұсынды.

Оның айтуынша, соңғы жылдары ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 10 есе артып, 23 млрд теңгеден 250 млрд теңгеге дейін жеткен. Алайда бөлінген қаражатқа қарамастан, нақты жаңашылдық байқалмай отыр.

Шибұтов ғылым саласында нәтижеге қол жеткізу үшін монографиялар мен ғылыми өнім көлемін арттырып, бұл бағытта Президент Әкімшілігі жанынан арнайы комиссия құру қажет екенін айтты.

Президент сөзі

Президент сөз басында Ұлттық Құрылтай өтіп жатқан Қызылорда қаласының тарихи маңызына тоқталып өтті.

«Қызылорданың тарихи маңызы айрықша. Бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны мәлім. Бұл шаһарда Қазақстан болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданды», – деді ол. 

Нәлібаев естіген мақтау

Тоқаев қаланың бүгінгі әлеуметтік ахуалының жақсарғаны, қарқынды дамуы өңір басшысының арқасы екенін атап өтті.

«Қызылорда қаласында әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 5 мәдениет және спорт нысаны салынды. Оған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамып келеді. Облыстың жағдайы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі», – деді президент.

Өмір сүру ұзақтығы артты

Жиында президент азаматтардың өмір сүру ұзақтығы артқанын жеткізді.

«Ел экономикасы 2025 жылы 6,5%-ға өсті. Елдің ішкі жалпы өнімі 300 млрд доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы өсім Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-ға артты. Халық саны 20,5 млн адамға жуықтады. Азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті», – деді Тоқаев.

Жаңа театр мен кітапхана

Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында жаңа Драма театр салу жоспарда бар екенін айтты. Құрылысты биыл бастауды тапсырды.

Сондай-ақ Президент Қызылордаға заман талабына сай жаңа кітапхана қажет екенін атап өтті.

«Мен зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманға сай кітапхаан салу керек екенін де айттым. Биыл бұл құрылыс та басталуы керек»,  – деді президент.

Арал мәселесі

Ұлттық Құрылтайда Арал теңізі мәселесі де сөз болды.

Президенттің айтуынша, жылдар бойғы жүйелі жұмыс нәтижесінде Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу мүмкін болды. Тоқаев теңізді қалпына келтіру жобасы басталғаннан бері бес жыл өткенін еске салды.

Мемлекет басшысы Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығын және халықаралық қоғамдастықты бұл мәселені шешуге тартудың қажеттілігін ерекше атап өтті.

Нұрай Серікбай оқиғасы президентке жеткен

Тоқаев Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін ішкі істер министрлігіне тапсырма бергенін жеткізді. Сөзінше, осы жағдайға байланысты Ұлттық құрылтайға 130-ға тарта хат түскен.

«Күдіктінің қоқан-лоқы көрсеткені анықталды, бұл адам өліміне әкеп соққан. Осыған байланысты ішкі істер министрлігіне Шымкент қаласы полиция департаменті әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым.

Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл ұлтқа нұқсан келтіретін өрескел жағдай, қылмыс. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды», – деді Тоқаев.

Мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану маңызды

Ұлттық құрылтай барысында Тоқаев мемлекеттік рәміздерге, оларды пайдалануға ерекше назар аударды. Ол көк туды көлікте, үйде, көшелер мен спорттық шараларда пайдалану ұлт ретінде тұтас екеніміздің айқын көрінісі дейді.

«Кез келген жағдайда патриотизмді нығайтуға тырысу қажет және мемлекеттік символиканы – туымызды, елтаңбамызды, көліктерде, үйлерде, көшелерде және елімізде немесе шетелде өтетін спорттық және басқа да іс-шараларда дұрыс пайдалану маңызды. Көк туымыздың желбіреп тұрғанын көргенде ерекше қуаныш сезіледі. Бұл арқылы еліміздің азаматтарының бірлігі мықты, ұлт ретінде тұтас екеніміз айқын көрінеді. Осындай әрекеттер олардың туған елін мақтан тұтатынын көрсетеді», – деді ол. 

Тоқаев алда мемлекеттік рәміздер жайлы заңға жаңа нормалар мен ережелер қосылатынын аңғарты. 

«Қазір қоғамда Қазақстанның мемлекеттік туын қалай және қашан қолданамыз деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерге жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс», – деді сөзінде президент.

Сондай-ақ оқыңыз