Жаңалықтар

Жаңа болжам: елде электр энергиясы артығымен өндіріле бастайды

Қазақстан профицит кезеңіне қадам басады / Фото: kursiv.media мұрағаты

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бекіткен 2026-2032 жылдарға арналған электр энергиясының болжамды балансы алдағы жылдары көрсеткіштердің айтарлықтай жақсарып, электр энергиясы бойынша нақты профицит қалыптасатынын көрсетеді.

Жаңа болжамға сәйкес, электр энергиясының артық мөлшері мынадай болады:

  • 2027 жылы – 1,3 млрд кВт·сағ (2025 жылғы болжамда – 1,1 млрд кВт.сағ),
  • 2028 жылы – 4,8 млрд кВт·сағ (3,2 млрд кВт·сағ),
  • 2029 жылы – 17,6 млрд кВт·сағ (5 млрд кВт·сағ),
  • 2030 жылы – 23,1 млрд кВт·сағ (бұған дейін 0,5 млрд кВт.сағ тапшылық күтілген),
  • 2031 жылы – 20,9 млрд кВт·сағ (6,9 млрд кВт·сағ тапшылықтың орнына),
  • 2032 жылы – 18,4 млрд кВт·сағ.

Ал 2026 жылы электр энергиясының тапшылығы 1,4 млрд кВт/сағ болады. Айта кетейік, 2025 жылдың басындағы ұқсас болжамда 2026 жылға арналған тапшылық 2,6 млрд кВт/сағ деп көрсетілген еді.

Бұл деректер Энергетика министрлігінің Қазақстандағы электр энергиясын өндіру бойынша болжамын айтарлықтай жақсартқанын аңғартады.

Электр энергиясын тұтыну болжамы

Жаңартылған болжамды балансқа сәйкес, электр энергиясын тұтыну көлемі:

  • 2026 жылы – 127,9 млрд кВт.сағ
  • 2027 жылы – 132,8 млрд кВт.сағ
  • 2028 жылы – 138,5 млрд кВт.сағ
  • 2029 жылы – 144,5 млрд кВт.сағ
  • 2030 жылы – 150,7 млрд кВт.сағ
  • 2031 жылы – 157 млрд кВт.сағ
  • 2032 жылы – 163,6 млрд кВт.сағ болады.

Өндіріс көлемі тұрақты өседі

Қарастырылып отырған кезеңде электр энергиясын өндіру тұрақты өсім көрсетеді. Егер 2026 жылы өндіріс көлемі 126,5 млрд кВт.сағ болса, 2028 жылы бұл көрсеткіш 143 млрд кВт.сағ-тан асады. Кейінгі жылдары өсім қарқыны сақталып, 2029 жылы өндіріс 162,1 млрд кВт.сағ-қа, ал 2032 жылы 182 млрд кВт.сағ-қа жетеді.

Бұл өсімге пайдалануға берілетін жаңа электр станциялары айтарлықтай үлес қоспақ. Аталған нысандардың өндірісі 2026 жылғы 3,2 млрд кВт.сағ-тан 2028 жылы 23,3 млрд кВт.сағ-қа дейін ұлғайып, 2029 жылы 42 млрд кВт.сағ-тан асып, 2032 жылы 62,6 млрд кВт.сағ-қа жетеді.

ЖЭК үлесі де артады

Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) есебінен өндірілетін электр энергиясының көлемі де бірізді өседі. 2026 жылы ЖЭК өндірісі 9,9 млрд кВт.сағ болса, 2029 жылы бұл көрсеткіш 20 млрд кВт.сағ-тан асады. 2030 жылы 25,1 млрд кВт.сағ-қа жетіп, 2031–2032 жылдары осы деңгейде сақталады деп болжанып отыр.

Реттеу қуаты тапшылығы сақталады

Бұған дейін Энергетика министрлігі 2027 жылдың басында елдің энергетикалық жүйесі жалпы тапшылықтан арылады деп хабарлағанымен, жарияланған болжамды балансқа сәйкес реттеу қуатының тапшылығы:

  • 2026 жылы – 1245 МВт
  • 2027 жылы – 824 МВт
  • 2028 жылы – 508 МВт болады.

Тек 2029 жылдан бастап реттеу қуаты бойынша тапшылық толық жойылады.

Мұның себебі – энергетикалық жүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін белгілі бір резервтік қуаттың болуы қажет. Осы мақсатта электр станцияларының электр энергиясын беруге дайын тұрғаны үшін ақы төленетін қуат нарығы жұмыс істейді.

Мысалы, 2026 жылы Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі қуатқа деген қажеттілік 21 988 МВт болады. Оның ішінде ең жоғары жүктеме – 18 511 МВт, ал резервтік қуат 3 477 МВт болуы тиіс. Бұл ретте қолда бар генерация көлемі 18 842 МВт-ты құрайды, оның 17 293 МВт-ы – қолданыстағы станциялар, 1 549 МВт-ы – жаңа және жаңғыртылған нысандар есебінен.

Аймақтық теңгерім

Оңтүстік Қазақстанда әрқайсысының қуаты 1 ГВт болатын бірнеше ірі ЖЭК жобасын іске қосу жоспарланғанына қарамастан, оңтүстік аймақ тапшылықты күйінде қала береді. Дегенмен тапшылық көлемі 2030 жылы ең төменгі деңгейге дейін азайып, кейін қайта өседі.

  • 2026 жылы – 12,8 млрд кВт.сағ
  • 2029 жылы – 5,2 млрд кВт.сағ
  • 2030 жылы – 3,5 млрд кВт.сағ (ең төменгі деңгей)
  • 2031 жылы – 5,7 млрд кВт.сағ
  • 2032 жылы – 8 млрд кВт.сағ.

Ал өнеркәсіптік солтүстік өңір, керісінше, электр энергиясының дәстүрлі профицитін сақтап, оны ұлғайта түседі. 2026–2027 жылдары профицит шамамен 10 млрд кВт.сағ деңгейінде болса, 2029 жылы 20 млрд кВт.сағ-тан асып, 2032 жылы 23,8 млрд кВт.сағ-қа жетеді. Солтүстіктен оңтүстікке электр энергиясын тасымалдау бұрынғыдай жалғасқанымен, оңтүстіктегі халық санының өсуі мен жаңа өндірістердің іске қосылуы бұл ағындардың жеткіліксіз болуына әкеліп отыр.

Батыс аймақтың ахуалы

Қазір Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесімен параллель режимде жұмыс істемейтін батыс аймақ орта мерзімді кезеңде шағын, бірақ тұрақты профицит қалыптастырады.

  • 2026 жылы – 0,9 млрд кВт.сағ
  • 2027 жылы – 2,1 млрд кВт.сағ
  • 2028 жылы – 1,5 млрд кВт.сағ
  • 2029 жылы – 2,4 млрд кВт.сағ
  • 2030 жылы – 4,3 млрд кВт.сағ (ең жоғары деңгей)
  • 2031 жылы – 3,5 млрд кВт.сағ
  • 2032 жылы – 2,6 млрд кВт.сағ.

Жалпы қорытынды

2025 жылы Қазақстанда электр энергиясын өндіру 123,1 млрд кВт·сағ, ал тұтыну 124,6 млрд кВт·сағ болды. Қазіргі таңда елде жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба іске асырылуда, олардың инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден асады. Бұл жобалардың едәуір бөлігі электр қуаты нарығы тетігі арқылы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асуда.

Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстан 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай энергодефицит ел мәртебесінен толық арылып, 2029 жылдан бастап тұрақты профицитке шығады.

Электр энергиясын тұрақты әрі жеткілікті көлемде қамтамасыз ету – өнеркәсіп пен экспортты дамытудың негізгі шарттарының бірі. Мәселен, жуырда ірі мұнай кен орны – Теңізде трансформаторлардағы өртке байланысты мұнай өндіру қауіпсіздік мақсатында уақытша тоқтатылғаны хабарланды. Бұл жағдай энергетикалық тұрақтылықтың ел экономикасы үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.