Жаңалықтар

Жошы хан туралы фильмнің премьерасы беделді халықаралық алаңдарда өтеді

Фото: kursivmedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмнің түсірілімі аяқталады. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың V сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

«Соңғы жылдары біз тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыда зерттеу және оны кеңінен насихаттау саласында елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмнің жұмысы аяқталады. Бұл ауқымды жобаны іске қосу туралы мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан едім. Көпсериялық фильмнің премьерасы беделді халықаралық платформаларда өтеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент кино мен өнердің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.

Еске салайық, 20 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрында «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» деректі-көркем фильмі жарыққа шығады.

Айта кетейік, Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр. Осы жиында саяси реформалар, соның ішінде бір палаталы парламент құру мәселесі сөз болады.