Жаңалықтар

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға келген қыз көлікті аударып алды

Фото: Видео кадры

Шымкенттегі №4 мамандандырылған ХҚКО аумағында емтихан тапсыруға келген тұрғын көлікті аударып алды.

«Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының мәлімдеуінше, жүргізуші куәлігін алуға үміткер практикалық емтихан тапсыруға келген. Ол тапсырмалардың бірін орындау барысында көлік құралын басқаруда қателік жіберіп, соның салдарынан көлік аударылып кеткен.

ХҚКО қызметкерлері оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жедел медициналық жәрдем шақырылған. Үміткердің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған.

«Аталған оқиға мемлекеттік қызмет көрсету процесіне әсер еткен жоқ, қазіргі уақытта практикалық емтихан штаттық режимде қабылданып жатыр», – делінген корпорация хабарламасында.

Корпорация практикалық емтиханға автомектептерде оқудан өткен, көлік құралын басқаруға дайындығын растаған және тапсырмаларды өз бетінше орындауға қабілетті адамдар ғана жіберілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін, Маңғыстау облысында жолда автобус аударылып, төрт адам көз жұмған.