Жаңалықтар

Аралдың жағдайын бір елдің шеңберінде қарауға болмайды – Тоқаев

Тоқаев: Арал теңізін құтқару– бүкіл адамзат үшін өзекті мәселе / Фото: kursiv.media архиві

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай кезінде Арал теңізі мәселесіне де тоқталып, оның жаһандық маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы Аралдың жағдайы әлі де өзекті екенін және оны тек бір елдің шеңберінде қарауға болмайтынын айтты.

«Арал мәселесін қозғамай кету мүмкін емес. Арал теңізін құтқару әлі де бүкіл адамзат үшін өте маңызды міндет болып отыр. Мен бұл мәселені халықаралық алаңдарда бірнеше рет көтергенмін», – деді Президент.

Президенттің айтуынша, жылдар бойғы жүйелі жұмыс нәтижесінде Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу мүмкін болды. Тоқаев теңізді қалпына келтіру жобасы басталғаннан бері бес жыл өткенін еске салды.

Мемлекет басшысы Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығын және халықаралық қоғамдастықты бұл мәселені шешуге тартудың қажеттілігін ерекше атап өтті.

Айта кетейік, Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр. Осы жиында саяси реформалар, соның ішінде бір палаталы парламент құру мәселесі сөз болады.