Жаңалықтар

Асқар Жұмаділдаев: Тоқаев ұсынған билік ауысу тетігі әлемдік тәжірибеге сай

Фото: Ақорда

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан маңызды саяси бастамаларға қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Президент ұсынған реформалар билік жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және халықаралық тәжірибеге сай келетін басқару механизмін қалыптастыруға бағытталған.

Ғалым ең алдымен биліктің ауысу тәртібіне тоқталды. Оның сөзінше, елді басқарудағы басты мәселе, билік ауысуының нақты механизмі.

«Негізгі билікті сайлаудың әдісін айтып берді. Алгоритм дұрыс. Енді соны жүзеге асырамыз. Басқа елдерге қарасаңыздар, механизм дұрыс болуы керек. Барлық мемлекетте елді ұстап тұрған билік ауысудың механизмі. Сондықтан бұл өте әдемі шешім», деді Асқар Жұмаділдаев.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған реформаның түпкі мақсаты елдің саяси тұрақтылығын сақтау. Бұл үшін биліктің бейбіт әрі жүйелі түрде ауысу тетігі нақты айқындалуы тиіс.

«Реформаның мақсаты ел тұрақтылығын сақтау. Ол үшін билік ауысудың механизмін анықтау керек», деп атап өтті академик.

Асқар Жұмаділдаев Президент ұсынған модельдің әлемдік үрдістерге толық сәйкес келетінін де айтты.

«Осы ұсынып отырған механизм әлемдік үрдіске сай келеді. Өйткені Президент ауысып кетсе, оның орнын вице-президент басады. Соның барлығын нағыз дипломатиялық жолмен, өте дәл алып келді», деді ол.

Сондай-ақ ғалым Парламент атауын «Құрылтай» деп өзгерту бастамасына да оң баға берді. Оның пікірінше, бұл шешім тарихи сабақтастықты сақтай отырып, ешбір қоғамдық институттың беделін төмендетпейді.

«Парламенттің атауын Құрылтай деп атауынан үлкен мағына көріп тұрмын. Былай алып қарасаңыз, ешкімді төмендеткен жоқ. Ассамблея да, құрылтай да өз орнында қалды. Оның барлығын әдемілеп ысырып, Халық кеңесі деген жүйеге келтірді», деді Асқар Жұмаділдаев.

Айта кетейік, жаңа бірпалаталы парламент «Құрылтай» деп аталады. Бірпалаталы парламентте 145 депутат болады.