Қазақстанда жол апаты көбейді: бір жылда 52 мыңға жуық адам зардап шекті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жол-көлік оқиғасының ең көп тіркелген өңірі Алматы қаласы / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді

Қазақстанда жол-көлік оқиғалары саны азаяр емес, керісінше өсу үрдісі байқалады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, өткен жылы елде адамдар зардап шеккен 36,1 мың жол апаты тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға көп, ал 2015 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары.

Ең көп жол апаты Алматыда тіркелді

Автокөлік санының артуы бұл өсімге белгілі бір деңгейде әсер еткенімен, негізгі себеп деуге келмейді. Себебі 2015 жылдан кейінгі бірнеше жыл бойы (2020 жылды қоспағанда) көлік саны көбейгеніне қарамастан, жолдарғы оқиғалар саны жыл сайын азайып отырған. Апаттар санының тұрақты өсуі 2021 жылдан басталды.

Алайда жағдайды түбегейлі өзгерткен кезең 2024 жыл. Сол жылы жол-көлік оқиғаларының саны бірден екі есеге жуық өсіп, 15,9 мыңнан 31,6 мыңға жетті. Бұл деңгей 2025 жылы да сақталып отыр.

Өткен жылы да, он жыл бұрынғыдай, ең көп жол апаты Алматы қаласында тіркелді – 7,6 мың жол-көлік оқиғасы. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 37,2%-ға көп. Ал Астанада апаттар саны соңғы он жылда үш есеге артты, мұның себебін елорда халқының қарқынды өсуімен байланыстырады.

Өңірлердің басым бөлігінде де жол апаттары бірнеше есе көбейген. Ең жоғары өсім Маңғыстау облысында (4,1 есе), Қызылорда облысында (3,8 есе) және Атырау облысында (4,6 есе) байқалды.

Жол апаты кезінде жарақат алғандар және қаза тапқандар

Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының күрт артуы салдарынан зардап шеккендер саны да тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Өткен жылы жол апаттарынан 51,6 мың адам жапа шеккен, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18,6%-ға көп.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті зардап шеккендерді екі санатқа бөледі: жарақат алғандар және қаза тапқандар. Ең көп үлесті жарақат алғандар құрайды. Өткен жылы жол апаттары салдарынан 49,2 мың жүргізуші мен жолаушы түрлі дене жарақатын алған. Бір жылдағы өсім 20,4%, ал соңғы он жылда жарақат алғандар саны екі есеге артқан.

Ал жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны мұндай тұрақты өсімді көрсетіп отырған жоқ. Қазақстанда жыл сайын жол апаттарынан 2 мыңнан 2,6 мыңға дейін адам көз жұмады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,3 мың адамды құрады. Сонымен қатар, соңғы бір жылда қаза тапқандар саны 9,7%-ға азайған.

Жол апаттарының географиясы: қай жолдар қауіпті

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері жол-көлік оқиғаларын олардың болған орнына қарай талдауға мүмкіндік береді. Бұл тек апаттарды қалалық және қала сыртындағы деп бөлуге ғана емес, сонымен қатар олардың динамикасы арқылы қай санаттағы жолдардың жағдайы нашар екенін жанама түрде анықтауға жол ашады.

Мысалы, жол апаттарының жалпы саны артқанына қарамастан, 2025 жылы халықаралық маңызы бар трассаларда апат саны 39,3%-ға азайған. Бұл бағыттардағы көлік ағынының төмендегенін дәлелдейтін нақты дерек жоқ. Керісінше, мұндай трассаларда жол сапасының жақсарғанын көрсететін фактілер жеткілікті.

Ал керісінше жағдай аудандық маңызы бар жолдарда байқалды. Өткен жылы бұл санаттағы жолдарда жол апаттарының саны үш есе өсіп, 519-дан 1,5 мыңға дейін жеткен.

Жалпы алғанда, жол апаттарының ең үлкен үлесі елді мекендердің ішінде тіркеледі 83,4%. Алайда олардың сипаты қала сыртындағы апаттардан өзгеше. Қалалардағы және тас жолдардағы көлік саны өзара салыстыруға келмейді. Соған қарамастан, елді мекендер ішіндегі жол апаттарында қаза тапқандардың үлесі ең төмен болып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 32,7%-ды құрады.

Еске салайық, жуырда Маңғыстау облысында автобус аударылып, төрт адам көз жұмған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз