2025 жылы бала туу және күтім төлемдеріне 806,8 млрд теңге жұмсалды

2025 жылы мемлекеттік жәрдемақылар және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бала туу мен бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты төлемдермен 565,7 мың адам қамтылған. Жалпы төлем көлемі 806,8 млрд теңгені құраған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бала туғанда берілетін жәрдемақыны 338 мың адам алған. Оған республикалық бюджеттен 61,1 млрд теңге бөлінген. Ал бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақы бойынша орта есеппен 125,3 мың адамға жалпы 44 млрд теңге төленген.
2025 жылы бала тууына арналған біржолғы жәрдемақы мөлшері 1-3 балаға 149 416 теңге, ал 4 және одан кейінгі балаға 247 716 теңге болды. Бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем көлемі бала санына қарай 22 648 теңгеден 34 995 теңгеге дейін белгіленген.
Сонымен қатар жұмыс істейтін азаматтарға жүктілік пен босануға байланысты МӘСҚ-тан төленетін біржолғы әлеуметтік төлемді 200,8 мың адам алған. Төлемнің жалпы сомасы 276,2 млрд теңгені, орташа мөлшері 1,4 млн теңгені құрады. Ал бала күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем 239,6 мың адамға тағайындалып, оның көлемі 425,5 млрд теңгеге жеткен. Орташа ай сайынғы төлем – 85 993 теңге.
Жұмыссыздарға 130,4 млрд теңге төленді
Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі жұмысынан айырылған 354,2 мың адамға 130,4 млрд теңге төленген. Оның ішінде 311,9 мың адамға бұл төлем алғаш рет тағайындалған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Төлем мөлшері жоғалған табыстың 45%-ына дейін МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлемді қалай алуға болатынын жазған едік.