Әдейі банкрот болатындардың қатары көбейген

2024–2025 жылы Қазақстанда әдейі банкрот болғысы келетіндерге қатысты 120 әкімшілік іс және 44-тен астам қылмыстық іс қозғалған. Бұл – компаниялар мен кәсіпкерлердің қарызын қайтарудан жалтару, активтерді жасыру және заңсыз мәміле жасау артып жатқанын байқатады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлайды.
Әдейі банкроттық дегеніміз не?
Заңға сәйкес, әдейі банкроттық – құрылтайшы, директор немесе жеке кәсіпкердің кредиторлар алдындағы міндеттемесін орындаудан қасақана жалтаруы, мүлікті жасыру немесе иеліктен шығару әрекеттері. Мұндай әрекеттерге мыналар жатады:
- Жалған немесе тиімсіз мәміле жасау;
- Қарызды өндіріп алудан бас тарту;
- Активтерді шығару, беру немесе жасыру;
- Бухгалтерлік есеп пен басқару жүйесін қасақана бұзу.
Кінәлі тұлғалар жеке жауапкершілікке тартылуы мүмкін: сот тәртібімен компанияның берешегін өз қаражаты есебінен өтеуге міндеттеледі. Әкімшілік немесе қылмыстық тергеп-тексеру нәтижесінде кінәлі деп танылса, банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін де жауапкершілік сақталады.
Қанша адам сотқа тартылды?
2024 жылы Жамбыл облысында компанияның бұрынғы директоры сот үкімімен әдейі банкрот болды деп танылған. 2025 жылы сот компания банкрот боларға дейін шығарып алған ақшасынан 45 млм теңгені кредиторларына төлеуі тиіс деген шешім шығарған. 2025 жылдың өзінде кінәлі тұлғаларға қатысты 12-ден астам осындай сот шешімі қабылданды.
Мемлекеттік кірістер мекемелері әдейі банкроттықты анықтау үшін автоматтандырылған жүйе енгізіп жатыр. Бұл жүйелер мәмілелерді, компаниялар арасындағы байланысты және борышкерлердің мінез-құлқын талдайды. Нәтижесінде құқық қорғау органдарына жолданатын материалдар дәл әрі жүйелі болады, сотқа жолданатын талаптар саны артпақ.
2023 жылы банкроттыққа тапсырған азаматтардың өтініштер саны 77 мыңнан асқан. 2024 жылы – 83 мың, ал 2025 жылдың 3 айында 38 мыңға жуықтаған. Бірақ өтініш бергендердің барлығы банкрот деп танылмаған.