Жаңалықтар

Арзан баға ұсынып тұзаққа түсіретін интернет-алаяқтар пайда болды

«Уақыт тығыз» деген сылтауратып, тауарға алдын ала төлем жасауға итермелейді / фото: polisia.kz
«Уақыт тығыз» деп сылтауратып, тауарға алдын ала төлем жасауға итермелейді / фото: polisia.kz

Полиция қазақстандықтарды интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырады. Олар соңғы кездері арзан баға ұсынып, тұзақ құра бастаған.

Полиция мәліметінше, соңғы уақытта алаяқтықтың жаңа тәсілі кеңінен таралып жатыр.

«Қаскөйлер сатып алушыларды шектен тыс арзан бағамен қызықтырып, уақыт тығыз деген сылтаумен тауарға алдын ала төлем жасауға итермелейді. Алайда ақша аударылған соң, олар байланысқа шықпай, тапсырыс берілген тауар мүлде жеткізілмейді», – деп ескертеді полиция.

Осыған байланысты полиция азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Сатып алу кезінде тек қауіпсіз төлем әдістерін қолданған жөн.

«Банк картасының деректерін, сондай-ақ SMS арқылы келетін құпия кодтарды бөгде адамдарға ешқашан бермеңіз. Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, дереу «102» нөміріне хабарласу қажет», – делінген полиция хабарламасында.

Мұның алдында WhatsApp арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерту жасалған еді.