
Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова Instagram парақшасына үйіне жасаған рум-турдың екінші бөлімін салды. Бұған дейінгі бөлімде кіреберіс, қонақ бөлме, жатын бөлмелерді көрсеткен еді. Бұл жолы балалар бөлмесі мен асүйін таныстырып шықты. Рум-турды көрген оқырманның пікірі екіге бөлінді. Бірі минимализм деп тамсанса, енді бірі «ұнамады, ренжімеңіз» десті.
Жұлдыз Әбдікәрімованың қалай пәтер алғанына барша оқырман бірге куә болды. Себебі жөндеу жұмысының барысын актриса парақшасында көрсетіп отырды. Оған қоса қызына аяғы ауыр болғанына қарамастан, барлығының басы-қасында жүрді. Осылайша көптің көзінше жасалған жөндеудің нәтижесі қалай болғанын көрсету үшін Әбдікәрімова рум-тур түсіріп, оны екіге бөлді. Әр бөлімде ол барлығын егжей-тегжей түсіндіріп, неге таңдағанын ерінбей айтып берді.
Рум-турдың алдыңғы бөлімі желтоқсанның соңына қарай салынды. Ал күні кеше екінші бөлімі жүктелді. Балалар бөлмесі мен ас бөлме толыққанды таныстырылған постың астына мыңнан астам пікір жазылған. Ішінде Жұлдыздың талғамына тамсанып жатқандар аз емес. Көбі «Шаңырақтың берекесісің, қоныс құтты болсын», «Айналаның шуы өзі де көп. Баспанадағы визуал шу аз болғаны күшті. Ми демалады. Құтты шаңырақ болғай» деп жылы лебіздерін жеткізіп жатыр. Енді бірі «өте әдемі. Жиһазға қанша кетті? Үйдің ремонты, жиһаздарымен бірге үйдің бағасынан көп болып кеткен шығар», «Тамақты отбасымен бірге бір үстелде отырып ішпейсіңдер ме?» деп сұрақтарын да жазып жатқандар бар. Кейбіріне Жұлдыз бен Қайраттың жаңа шаңырағы ұнамаған екен. Мысалы пікірлердің арасында «Плинтус қазір сән емес», «Балалар өсті. Осынша ақшаға одан қайта әр балаға бөлек бөлме бермедіңдер ме», «Ас бөлме емес, туалет сияқты», «Талғамы жетпеген сияқты» дегендей ойларды да кездестіруге болады.
Пікір жазғандардың ішінде актрисаның сырт-келбетіне қатысты да сөздер бар. Бес балалы ананың сырт пішініне тамсанып, «аяғынан көз ала алмай қалдым ғой» деп мақтап жатқандар көп. Десе де, «тағы да тыртитып», «кішкене ұзындау белдемше киші, айналайын қызым, тыртимай. 5 бала тапқан анаға мүлдем жараспайды» деп ақыл қосқандар да жоқ емес.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Гүлзира Айдарбекованың келіні Жұлдызға сыйлық бергені туралы жазған едік.