Жаңалықтар

Бишімбаевтың ата-анасы ерлі-зайыпты Кемеловтермен қатар соттасып жатыр

Бишімбаевтар екі сотта қатар соттасып жатыр/коллаж kursiv/media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы ерлі-зайыпты Қайрат және Бекзат Кемеловтермен қатар соттасып жатыр.

Қайрат Кемелов – Уәлихан Бишімбаевтың бөлесі.

Даудың басы

Қуандық Бишімбаевқа қатысты соттан кейін Уәлихан Бишімбаевтың бөлесі Қайрат Кемелов Airan YouTube каналына сұхбат берді.

Қайрат Кемелов «…Сол күні өзара әңгіме болды, олар мәйітханаға баруымды, менің әріптестерімнің, яғни сот-медицина сарапшыларының Қуандық Бишімбаевтың пайдасына қорытынды шығаруын сұрады»; «иә, олар бұрмалайтындар үшін қомақты сома беруге дайын болды» деген.

Содан кейін Уәлихан Бишімбаев пен Альмира Нұрлыбекова сотқа жүгініп, отбасының абыройына нұқсан келтірген Кемеловтен 16 млн теңге өндіруді, сұхбатта айтқан мәлімдемесін жоққа шығаруды сұрады. Сот Бишімбаевтардың арызын қарап, 200 мың теңге өндіруді жөн санады.

Бұл шешім 2025 жылдың мамырында шықты.

Әйелдер арасындағы «соғыс»

Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова туысы Бекзат Кемеловамен (Қайрат Кемеловтің әйелі – ред.) соттасып жатыр. Қылмыстық іс 2025 жылдың күзінде басталған. Дау 990 мың доллар төңірегінде болып отыр. Қазіргі курспен есептесек, бұл 503 миллион теңгеге тең.

Нұрлыбекованың айтуынша, ол 990 000 долларды көк түсті чемоданға салып, туысы Бекзат Кемеловаға берген. Ал Кемелова бұл ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланып, қайтармаған.

Қомақты қаражатты сеніп тапсыруына отбасының жақсы аралас-құралас болғаны әсер еткен. Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот өтіп жатқан тұста Бекзат Кемелова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері тарабынан тексеріс жүріп жатқанын айтқан. Бишімбаевтардың мүлкі мен ақшасы тәркіленуі мүмкін деп сөзіне сендірген.

Сотта Бекзат Кемелова көк чемоданды алғанын мойындады, алайда ішінде ақша емес, құжаттар болды деп отыр.

Бұл іс бойынша сот үкімі шыққан жоқ. Алайда бірнеше рет Қайрат Кемеловтің Airan-ға берген сұхбатындағы мәлімдемесі айтылды.

Бишімбаев – Кемелов дауы 2.0

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, Бишімбаев пен Нұрлыбекова Қайрат Кемеловке қатысты істі қайта көтерген.

Апелляцияға шағымданып, ар-намыс, қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәлімет таратқанын, айтылған сөзді жоққа шығару, моральдық зиянды өндіру туралы талап арыз берген. Алайда сот алқасы бірінші сатыда дұрыс шешім қабылданған деп, жылы жауып қойған.

Бишімбаевтар әрі қарай кассациялық сотқа жүгінді. Жоғары саты бұған дейін шыққан шешімдердің күшін жойған. Сондай-ақ іс бойынша психологиялық-филологиялық сараптама тағайындауға негіз бар деп тапқан.

Енді сарапшы судья қойған үш негізгі сұраққа жауап беруі керек. Олар:

  • Airan YouTube арнасындағы Қайрат Кемеловтің айтқан сөздері Уәлихан Бишімбаев пен Альмира Нұрлыбековаға қатысты жағымсыз ақпарат бар ма?
  • Егер сондай ақпарат болса, ол қандай мәнде берілген: тұжырым (пайым), болжам, баға беру, пікір түрінде ме?
  • Зерттеуге ұсынылған мәтінде Бишімбаев пен Нұрлыбекованың ар-ожданына кері әсер ететін мәліметтер бар ма?

Осылайша іс сарапшы көрсетілген сұрақтарға жауап бергенше тоқтатылды.