«Бұл – ишара»: Құспан вице-президент лауазымы неге енгізілетінін айтты

Ұлттық құрылтайда Тоқаев елде вице-президент қызметі енгізілетіні жайлы ұсыныс айтты. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Абзал Құспаннан журналистер вице-президент институтын құру не үшін қажет екенін сұраған.
«Шынымды айтсам, бұл сұраққа жауап беруге дайынмын деп айта алмаймын. Бұрын Ерік Асанбаев сияқты вице-президент болған. Сондай лайықты тұлға қызметте отырған. Бұл бір жағынан «Президенттің орнын кім алмастырады. Вице-президент кім болады» деген сұраққа жақсы бір тосқауыл қоятындай ишара деп түсінемін», – дейді Құспан.
«Билік транзитіне дайындық болуы мүмкін бе» деген сауалға депутат, керісінше, бұл қоғамдағы күмәнді ойларды азайтып, тұрақтылыққа оң әсер етуі ықтимал екенін айтты.
Ал «вице-президент сайлауға түсе ме» деген сұраққа депутат механизмдер әлі нақты бекітілмегенін жеткізді.
Айта кетейік, кеше Ұлттық құрылтайда президент Қазақстанда енді вице-президент лауазымы енгізілетіні жайлы мәлімдеген еді. Вице-президентті президенттің өзі тағайындайды.