
Қазақстанда жүргізушілердің ақылы автожолдармен жүріп өткені үшін төлемеген берешегі шамамен 7 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл – ел аумағындағы барлық ақылы жолдарға қатысты жалпы төленбеген сома. Алайда ол берешектің қандай бөлігі жолдағы ақауларға байланысты екенін нақтылай алмайтынын айтты.
«Жалпы төленбеген қаржы көлемі – шамамен 7 млрд теңге. Оның қаншасы жолдағы ақауларға байланысты екенін дәл қазір айта алмаймын», – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін ақылы жолда жүру ақысы уақытылы төленбесе, қандай шара қолданылатыны жайлы жазған едік. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап ақылы тасжолдарда жаңа төлем тәртібі енгізілген. Енді қозғалыс қауіпсіздігіне кедергі келтіретін жол жабынының ақауы анықталған учаскелер үшін ақы алынбайды. Төлем автоматты түрде қайта есептеліп, ақау жойылғаннан кейін ғана қайта қосылады.