Жаңалықтар

Елдегі бордюр мен гранит өндірісі 30% өсті

фото: ашық дереккөзден

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда гранит бордюр мен төсеуге арналған плиталардың өндірісі 30%-ға артты. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлайды.

Ведомствоның жазуынша, елдегі брусчатка, бордюр және плиталарға деген сұраныстың 91%-ын отандық кәсіпорындар өтеп отыр. Бұған мемлекет тарапынан енгізілген қорғаныш шаралары мен импортқа қойылған шектеулер тікелей әсер етті.

2025 жылы отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бірнеше өзгеріс енгізген еді:

  • Импортқа тыйым: Үшінші елдерден тас өнімдерін (брусчатка, бордюр, өңделген гранит) әкелуге уақытша шектеу қойылды. Бұл тапсырыстардың шетелге кетпей, қазақстандық зауыттарға түсуіне мүмкіндік берді.
  • «Бақылау сатып алуы»: Нарықтағы сапасыз өнімдерді анықтау үшін арнайы тексеріс механизмі іске қосылды. Талапқа сай емес тауарлар бірден айналымнан алынып тасталады.
  • Тәртіпті күшейту: Бұрынғы «бас тарту хаттарының» орнына электрондық тізілім енгізіліп, сертификаттау талаптары қатаңдатылды. Енді әрбір тас бұйымының сапасы мен шыққан тегі қатаң бақыланады.

Қазір «Даму» қорының қолдауымен елімізде кристалдық мәрмәр шығаратын жаңа зауыт құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба өндіріс қуатын одан ары арттырады.

Осыған дейін қала тұрғындары Алматыдағы жаңа, мұрты бұзылмаған бордюрлердің қайта ауыстырылып жатқанына шағымданған еді. Қаланы аралаған әкім Дархан Сатыбалды жол төсемдерінің жиі ауыстырылатынын сынап, тек тозған немесе ақау болған кезде өзгерсін деп тапсырған еді.