
Канадалық Laramide Resources компаниясы Қазақстандағы Шу–Сарысу уран бассейніндегі бірлескен барлау жобасынан шықты. Компания бұл шешіміне уран саласындағы қатаң реттеу талаптары басты себеп болғанын айтқан.
2025 жылы Қазақстанда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер енгізілген. Соған сәйкес, жаңа уран жобаларында «Қазатомөнеркәсіптің» үлесі 50%-дан 75%-ға дейін, ал қолданыстағы келісімшарттарды ұзарту кезінде 90%-ға дейін ұлғайтылды. Laramide бұл өзгерістер инвесторлар үшін тәуекелді айтарлықтай арттырды деп есептейді.
Компания мәлімдемесінде салық жүктеменің өсуі мен әкімшілік кедергілерге де ерекше тоқталды. Атап айтқанда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен бұрғылауға рұқсат алу барысында туындаған бюрократиялық қиындықтар салдарынан 2025 жылға жоспарланған барлау жұмыстары орындалмаған.
Осы факторлардың жиынтығы Қазақстанда уран барлауға бағытталған тікелей шетелдік инвестициялардың экономикалық негізі қалмады деген тұжырымға алып келген.
Laramide-тің бағалауынша, елде іс жүзінде бүкіл бір сала мемлекет меншігінде. Компания бас директоры Марк Хендерсон бұл стратегияның тиімділігіне күмән келтіріп, «Қазатомөнеркәсіптің» геологиялық барлаудағы нәтижелерін сынға алды.
«Егер «Қазатомөнеркәсіп» барлауда табысқа жетіп жүрсе, мұндай стратегия белгілі бір деңгейде қисынды болар еді. Бірақ деректер жағдай керісінше екенін байқатады. Компанияның ресурстық базасы төмендеу кезеңіне аяқ басып отыр, ал 2057 жылға қарай толық сарқылуы мүмкін», – деді Хендерсон.
Оның айтуынша, әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналатын «Қазатомөнеркәсіптің» осындай ахуалға тап болуы бүкіл атом саласы үшін алаңдататын белгі. Ресурстарды толықтырудағы қиындықтар алдағы жылдары уран тапшылығын күшейтіп, соның нәтижесінде бағаның өсуіне алып келуі мүмкін.
Осылайша, Laramide-тің Қазақстаннан кетуі тек бір инвестордың шешімі ғана емес, уран саласындағы реттеу саясатының халықаралық нарықтағы қабылдануын көрсететін маңызды сигнал ретінде бағаланып отыр.
«Қазатомөнеркәсіп» басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың айтуынша, әлемде жаңа атом реакторларының көбеюі салдарынан 2030 жылдан кейін уран тапшылығы туындауы мүмкін.