
Емханалар енді бес жыл сайын қайта лицензияланады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдан бастап мерзімсіз берілетін лицензияның орнына 5 жылдық қолданылу мерзімін енгізу жоспарланған. Бұл үшін медициналық ұйымдардың кадрлық әлеуеті, материалдық-техникалық базасы және қызмет көрсету сапасы белгіленген стандарттарға сай қайта бағаланатын болады.
«Бір мезгілде 2026 жылғы қаңтардан бастап денсаулық сақтау саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейінгі алғашқы үш жылда тексеру жүргізуге тыйым салу нормасы алынып тасталады», – делінген ақпаратта.
Министрлік Қаржы мониторингі агенттігімен бірге жеке емханаларда бюджет қаржысының қалай жұмсалғанын тексереді.
Қазір елде медициналық қызметке лицензиясы бар 22 905 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. Оның ішінде 8 803-і мемлекеттік, 14 102-сі жеке медициналық ұйым.
Айта кетейік, бұған дейін білім беру және денсаулық сақтау салаларын қаржыландыру мәселелері түбегейлі қайта қаралатыны жайлы жазған едік.