
Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев авиация мәселесі бойынша тың жаңалықтарды айтты.
Оның сөзінше, 2025 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысы мақұлдаған үш жылдық жоспарға сәйкес жұмыстар басталған. Биыл жаңа халықаралық авиамаршруттарды қайта бастау және ашу жоспарда бар.
«Вена, Рим, Шанхай және тағы басқа бағыттар бойынша рейстер ашылады. Авиатранзитті ұлғайту үшін авиаотындың бағасын азайту шаралары іске асырылуда. Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаз-Аэро барлық әуежайда қолжетімді», – деді ол.
Сауранбаевтың сөзінше, Қазақстан әуежайларына жүк авиатасымалдаушыларды тарту үшін ірі шетелдік авиакомпаниялармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында FedEx (АҚШ), UPS (АҚШ), Cargolux (Люксембург), DHL (Германия), Lufthansa Cargo (Германия) бар.
Айта кетейік, кеше Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қазақстандағы жүк авиациясын дамыту ісін қатаң сынға алды. Ол еліміздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасқанына қарамастан, әлі күнге дейін Еуразиядағы әуе жүк тасымалының негізгі хабына айнала алмағанын айтты.