
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қарыз оразаны өтеу тәртібіне қатысты түсіндірме жариялады.
Рамазан – Алланың мейірімі төгілетін, сауаптар еселенетін қасиетті ай. Бұл айда ораза ұстау – балиғат жасына жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Намаз секілді, ораза да жеке-жеке парыз етілген ғибадат саналады.
ҚМДБ мәліметінше, егер адам өткен Рамазан айында белгілі бір себептермен (ауру, жолда болу және басқа да себептер) ораза ұстай алмаса, сол күндердің қазасын өтеуі тиіс. Қаза ораза бөлек ниетпен ұсталады және оны Рамазан оразасымен қосып ұстауға болмайды.
Ханафи мәзһабы бойынша, өткен оразадан қалған қарыз күндерді келесі Рамазан айына дейін өтеу міндетті шарт емес.
Себебі Құран Кәрімде: «Кімде-кім ауру болса немесе сапарда жүрсе, басқа күндері қазасын өтесін» деп айтылған («Бақара» сүресі, 185-аят). Бұл аятта қаза өтеудің нақты уақыты шектелмеген.
Дегенмен, ҚМДБ өкілдері қарыз оразаны мүмкіндігінше кешіктірмей өтеу абзал дейді.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы Ораза 19 ақпанда басталады.