Жаңалықтар

Қаржаубай Нұрымовқа қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды

Қылмыстық іс тоқтатылды/фото: kursiv.media

Қаржаубай Нұрымовқа қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді.

Сөзінше, бұған дейін қылмыстық іс қаралып жатқандықтан, ешқандай ақпарат бере алмаған.

«Құқық қорғау органдарының бұл істе объективтілік танытқанының арқасында Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 12-тармағы негізінде тоқтатылды», – деп жазды Шекеев.

Бұл бапта Нұрымовтың қылмыстық жауаптылықтан босатылуға тиіс адамдар қатарына жататыны көрсетілген.

2024 жылдың 10 желтоқсанында Нұрымов бұзақылық жасады және көлік қозғалысына кедергі келтірді деген айыппен ұсталған. Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөйлеп, оларды пышақпен қорқытқан, бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірген.

Шерзат Полат ісі

Талғарда 2024 жылы қазанның 3-інен 4-іне қараған түні жасөспірім Шерзат Полат қаза тапты. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін шу шықты. Ол жерде бір топ ер адам жасөспірімді ұрып-соққан.

Қаржаубай Нұрымов – қайтыс болған Шерзат Полаттың әкесі.

Шерзатты өлтіргендерге үкім шықты! Убийцам Шерзата Полата озвучили приговор

Оқиға орнында оннан аса адам болған. Алайда қылмыстық іс тоғыз адамға қозғалды. Екі әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Сот процесі сәуірде басталып, Жоғарғы соттың YouTube каналында тікелей эфирде көрсетілді.

Сот үкімімен тоғыз адам 23 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Ішінде 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған мектеп оқушысы бірнеше айдан кейін бостандыққа шықты.