Жаңалықтар

Қазақ пен қырғыздарға тіл тигізген Екатерина Бивол сот алдында жауап бермек

фото: instagram

Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық сотында 29 қаңтар күні Екатерина Биволға қатысты іс бойынша сот талқылауы басталады. Танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Бивол Telegram желісіндегі мәлімдемелері үшін ұлтаралық араздықты ашық түрде қоздырды деп айыпталып отыр. Бұл туралы «Вечерний Бишкек» басылымы хабарлады.

Сот ісіне себеп болған материал 2025 жылдың қазан айында Telegram-арнада жарияланған бейнероликке байланысты. Аталған видеоны Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының қызметкерлері назарға алған.

Сараптамалық қорытындыға сәйкес, бейнежазбада қырғыз және қазақ ұлттарының өкілдерінің ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін кемсітетін сөздер болған. Осыған байланысты Екатерина Биволға қатысты ұлтаралық араздықты жария түрде қоздыру бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Аталған бап бойынша ірі көлемдегі айыппұл немесе әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Екатерина Биволға Қазақстан Ішкі істер министрлігі іздеу жариялаған еді.