Қыз алып қашқандарға қандай жаза қарастырылған

Ресми дерекке сәйкес елде кейінгі үш жылда 215 адам қыз алып қашқан. Алайда 205 адам жазаға тартылмаған. Бұл туралы мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов айтты.
Депутаттың сөзінше, тек 10 іс сотқа жеткен.
«Бұрын тек «адам ұрлау» бабы негізінде жауапқа тартуға болатын. Алайда бұл бапта ескеретін бір жайт бар: егер қылмысты жасаған адам екінші адамды 10-15 күн бойы ұстап, мәжбүрлеп, бопсалап, күш қолданып, түрлі қысым көрсетсе де, кейін өз еркімен босатса, жауапқа тартылмайтын. Осыған сүйеніп, кейінгі үш жылда тіркелген 215 істің 205-інде ешкім жауапқа тартылмаған. Тек он жағдай сотқа жеткен», – дейді Әбенов.
Осылайша қылмыстық кодекстің 215-бабына (адам ұрлау) тағы бір бап қосылды. Ол қылмыстық кодекстің 215-1-бабы – некеге тұруға мәжбүрлеу.
«Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабында 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, тіпті адам зорлағаны үшін берілетін жазадан да қатаң.
Заңға сәйкес, адамды ұрлап, бірден босатқан жағдайда айыппұл салынады не екі жылға дейінгі мерзімге сотталады. Кәмелет жасына толмаған адамды ұрлап, күш қолданса, 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Адамды ұрлап, бұл ауыр зардапқа алып келсе, 10 жылға дейінгі мерзімге сотталады», – дейді депутат.
Шымкентте 11 қаңтар кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті араға екі күн салып ұсталды.
Қыздың туыстарының айтуынша, жігіт 2025 жылдың қазанында Нұрайды алып қашқан. Оған қыз да, отбасы да көнбеген. Содан кейін отбасы полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жолмайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай кешірім берген. Бірақ кейін қыр соңынан қалмай қойған.
Содан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды.