Жаңалықтар

Рахат Әлиевтің ұлы Нұралы Әлиев Давоста дәріс оқыды

Нұрали Әлиев «Ақылды сауықтыру, даналықты кеңейту: руханият, зерттеулер және төл білімдер» атты панельдік сессияның спикерлерінің бірі болды / фото: Bes.media
Нұрали Әлиев «Ақылды сауықтыру, даналықты кеңейту: руханият, зерттеулер және төл білімдер» атты панельдік сессияның спикерлерінің бірі болды / фото: Bes.media

Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұралы Әлиев Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда сөз сөйледі.

Bes.media ақпаратына қарағанда, форум аясында менталдық және ми саулығына арналған іс-шара өткен.

Нұралы Әлиев «Ақылды сауықтыру, даналықты кеңейту: руханият, зерттеулер және төл білімдер» атты панельдік сессияның спикерлерінің бірі болды.

Іс-шара Davos-та өткен Mental Health Day тақырыптық күні форматында ұйымдастырылып, менталдық денсаулық саласында жұмыс істейтін инвесторларды, отбасылық кеңселердің, қорлардың өкілдерін және жаһандық бизнес көшбасшыларын жинады.

Қатысушылар психикалық денсаулық экожүйесін дамытудағы жаңа тәсілдерді, нейротехнологияларды, «ми капиталы» ұғымын және жастарды қолдау мәселелерін талқылады.

Нұралы Әлиев қатысқан панель руханияттың, ғылыми зерттеулердің және байырғы білімдердің психикалық әл-ауқат пен табиғатпен үйлесім мәселелеріндегі тоғысуына арналды.

Нұралы Әлиев The Spark of Light жобасының негізін қалаушы ретінде сөз сөйлеп, менталдық денсаулық саласында рухани тәжірибелер мен ғылыми тәсілдерді біріктіру жөніндегі өз көзқарасын ұсыныпты.

Дүниежүзілік экономикалық форум (World Economic Forum, WEF) – 1971 жылы құрылған халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ол ең алдымен Швейцарияның Давос қаласында жыл сайын өтетін жиынымен танымал. Бұл жиынға мемлекет басшылары, ірі компаниялардың жетекшілері, қаржыгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысады.

Айта кететін жайт, Рахат Әлиевтің ұлы Нұралы Әлиев ағартушылық жолға бет бұрғаны туралы мәлім болды.